
Балалардың зияткерлік, шығармашылық әлеуеттерін арттырып, зерттеушілік, өз беттерімен ізденушілік қабілеттерін дамыту – бүгінгі күні ұстаздарға қойылатын басты талаптардың бірі. Осыны негізге алған Петропавлдағы №16 орталау мектебінің оқушылары робот техникасын жасаумен қатар, өнертапқыштықпен де айналыса бастады. Мектептің оқушылары Тимур Кузнецов пен Роман Присяжный “Тұз – баламалы энергия көзі” тақырыбына зерттеу жұмысын жүргізіп, оны тәжірибе негізінде көрсетті.
Балалар бұл тақырыпты алу себебін қазіргі кезде дәстүрлі энергия көздерін үнемдеу қажеттігінің өзектілігімен байланыстырады. Сондықтан олар өз тәжірибелерінде энергия көзінің баламалы түрлерін алу жолдарын қарастырды. Олардың қуат көзін алу жолдары қарапайым, көп шығынды қажет етпейді, ең бастысы қоршаған ортаға қауіпсіз.
5-сынып оқушылары Тимур мен Романның бұл зерттеулері республикалық “Зерде” шығармашылық және ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде – І, республикада ІІ орынға ие болды.
Оқушылардың тұз ерітіндісін баламалы энергия көзі ретінде пайдаланулары зерттеудің ғылыми жаңашылдығы болып отыр. Олар картоп, алма, лимон, тағы басқа жемістер мен көкөністерді пайдаланып, сағаттың, фонариктің батареясына қуат беру жолдарын көрсеткен.
Ол үшін жеміс, мыс немесе цинк пластиналар, ток пен кернеудің күшін өлшейтін оқу үдерісінде қолданылатын вольтметр қажет. “Мысалы, лимоннан ток көзін алу үшін жеміске мыс және цинк пластиналарды тығамыз да, оны сымға, сымның бос ұшын вольтметрге жалғаймыз. Вольтметр 0,49 вольт кернеуді көрсетеді. Демек, лимон ток көзі болып табылады. Осындай тәжірибені картоппен, алмұртпен, пиязбен, алмамен де жасауға болады”, – дейді кішкентай өнертапқыштар.
Балалардың айтуынша, ғылыми жобаны жүргізу кезінде вольт өлшеуіштің көмегімен кернеуді өлшей білу, оның қуатының неге байланысты екендігін зерттеу, тұз ерітіндісімен эксперимент жүргізу, ток күшінің мүмкіндігін, кернеуге әсер ететін факторларды анықтай білу сияқты біліктілік болуы маңызды. Оқушыларды алған білімдерін өмірде қолдануға, одан қорытынды шығаруға, жұмыстың өзектілігін көрсетуге, өнертапқыштыққа баулып, жетекшілік етіп жүрген адам – мектеп директоры Данияр Уәлиев.
Өнертапқыш балалар осындай тәжірибелерді басқа да химиялық элементтермен жасап көрген. “Алюминий, тұз, су және көмір-сутегіден де электр қуатын өндіретін батарея жасап шығаруға болады. Ол қуат электр жабдықтарын іске қосуға жетеді. Біз зерттеу барысында жиналған мәліметтерге сүйене отырып, тұз батареяларын қоғамымыздың түрлі салаларында қолдануға болатынына көз жеткіздік”, – дейді олар.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.