«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУШЫЛАР ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

«Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында «Зерде» ХV республикалық байқауы өтті. 1-7 сынып оқушылары арасында өткен зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстар байқауына 432 оқушы қатысты.

Байқаудың негізгі мақсаты балалардың бойындағы зерттеу дағдыларын дамыту, кіші және орта жастағы мектеп оқушыларының зияткерлік-шығармашылық әлеуетін ынталандыру болып табылады.

Қазылар алқасының құрамында болған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің атақты ғалымдары мен Щучье қаласының педагогикалық колледжінің жоғарғы санатты мұғалімдері оқушылардың зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарын тыңдап, конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтады.
Тартысты өткен байқауда өңірімізден барған 22 оқушының 19-ы жүлделі орындарға ие болды. Ал республикалық байқауда бас жүлде алған 16 жеңімпаздың үшеуі біздің өңірдің оқушылары екенін де мақтанышпен айтуға болады. Соның бірі – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы Айша Амантай. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндері бойынша «Жұмбақтар әлемі» атты үстел ойынын құрастырған 2-сынып оқушысы ғаламторда “Асыл мұра” арнасын ашыпты.
Оқушылардың осындай жеңіспен оралуы ұстаздар мен ата-аналары үшін зор қуаныш екені сөзсіз. Себебі, өткен жылдары аталған байқауға қатысқандар бас жүлдеге қол жеткізе алмаған көрінеді. Қуаныштан жүздері бал-бұл жанған оқушылар Щучинск-Бурабай аймағына экскурсия жасап, мектеп психологтары өткізген тренингтерге, спорттық іс-шараларға қатысқандарын, уақытты тиімді және қызғылықты өткізгендерін айтты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp