«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУШЫЛАР КІТАП ОҚИ МА?

Күлизат ШАХАТОВА,

кітапханашы:

– Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай кітап оқуға қызығушылықтары әртүрлі. Әсіресе, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер мен бастауыш сынып оқушылары кітап оқуға өте құмар. Осы жастағы балаларға арналған соңғы кезде түсіп жатқан кітаптар әр алуан тақырыпты қамтиды. Балалардың тілдерін дамытуға арналған үш тілде жазылған кітаптар да бар. Олар ірі әріптермен жазылған, түрлі түсті суретті, оқуға жеңіл, мазмұнды.

Көбінесе мектеп жасына дейінгі балаларды әке-шешелері немесе ата-әжелері өздері ертіп келіп, кітап оқуға баулиды. Олар балаларын үнемі компьютер алдында отырғызбау және қазақ тілін, ой-өрісін дамыту үшін әкелетіндерін айтады. Мысалы, біздің тәжірибемізде 2010 жылы Нұрсат есімді сәбиін төрт айлығында кітапханаға әкелген ана кездесті. Ол қыз қазір “Гулливер” балабақшасына барады. Біздің кішкентай оқырманымыз.  

Сол сияқты 1-сыныптан бастап бүгінгі күні орта буында оқып жүрсе де, кітаптан қол үзбей жүрген Томирис Төлешева, Фариза Батырханова, ағайынды Мағжан, Иманғали Мақтабек сынды оқырмандарымыз бар. Кітап оқуға қыздар жағы басымдық танытатыны да жасырын емес. Ұлдарды көбінесе спорт, батырлар жырлары, фантастика және тарихи жанрға жазылған әдеби, басқа да танымдық кітаптар қызықтырады.

Ал орта буын мен жоғары сыныптарда оқитын балалар көбінесе мұғалімнің тапсырмасымен, мектеп бағдарламасына керекті кітаптарды сұрап келеді. Қазір техниканың дамыған заманы ғой. Балалар көбінесе компьютермен алданады. Дегенмен, компьютерден гөрі кітапқа басымдық беретін балалар табылады. Оқушының сұранысына қарай оны қызықтыратын тақырыптағы кітапты тауып беруге мүмкіншілігіміз мол.

Айымхан ТӘШЕТОВА,

мұғалім:

– Шынын айтсам, оқушыларға кітап оқыту қиын. Қазiргi балалар біздің кезіміздегідей кiтапты құшақтап ұйықтаудан гөрi құлағына құлаққапты іліп алып, компьютердiң алдында қалғуға құмар. Біз оқушы кезімізде үйдегі шамды өшіріп тастаған кезде кітапты қолшаммен оқитынбыз. Қазір бәрі қызықты кітап бетінен емес, компьютерден іздейді. Алайда, мектепте оқушыларды кітап оқуға, оның рухани қазынасын бойларына еркін сіңіруге баулу үшін түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Мектептегі орыс және қазақ тілдері пәндерінің мұғалімдері оқушыларды кітап оқуға тарту үшін балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жазушылардың шығармашылығына арналған түрлі әдеби-сазды кештер, поэзия сағаттарын, белгілі бір жазушының кітабына арналған оқу күндерін ұйымдастырып тұрамыз. “Бір ел – бір кітап” акциясы аясында Сайын Мұратбековтің “Жусан иісі” повесін, Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясын жаппай оқып, талдадық. “Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер” дегендей, акцияға оқушылармен бірге ата-аналарды да тартамыз.

Жазғы, қысқы демалыс кездерінде оқу бағдарламасына орай кітаптардың тізімі беріледі. Сол бойынша ұстаздар өз сыныптарында шаралар ұйымдастырады. Мектепте, сонымен қатар ұстаздар арасында оқушыларға оқыған кітаптары бойынша өздеріне таныс емес сөздерден сөздік құрастыру дәстүрі бар.

Қазір кітапты өз бетімен іздеп жүріп оқитын бала көрмейміз. Мен өзім Наурызбай Ғаппасов деген бір-ақ оқушыны білем. Ол кітапты өзі қызығып оқиды.

Карина САЯН,

11-сынып оқушысы:

– “Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы” деген мақал менің өмірлік қағидам десем, асыра айтқандық емес. Өйткені, оқыған, тоқыған адам ғана өз заманының ілгері басқан азаматы бола алады. Менің қазақ және орыс тілдерінде оқыған кітаптарым көп. Жақында Лев Толстойдың екі томдық “Соғыс және бейбітшілік” шығармасын оқыдым. Атақты орыс жазушысының стилі маған ауырлық танытқаны рас, бірақ оқиға желісі қызықты болған соң туынды оңай оқылды. Мен биыл қаламызда ашылған Назарбаев Зияткерлік мектебіне білім алуға барамын. Онда білім беру жүйесі үш тілде жүргізілетіндіктен, бүгіннің өзінде ағылшын тіліндегі шағын кітаптарды оқуға кірістім. Шығарманы түп-нұсқасында оқу қызықты деген рас. Арманым – Шекспирдің шығармаларын ағылшын тілінде түсіне білсем деймін.

Бүгінгі жоғары технологиялық үдеріс кітаптың жаңа түрлерін ұсынуда. Мәселен, ғаламторда электрондық кітаптар пайда болды. Кітапханалар әртүрлі туындылармен үнемі толықтырылып отырады. Ендеше кітап оқуға қызыққан адам кез келген туындыны қолына түсіре алады. Алайда, кей кездері достарыммен оқыған кітаптарым туралы сыр бөлісе алмайтыныма өкінемін. Өйткені, көптеген замандастарым өзіне сырлас әлемді интернет желісінен тауып, сол жаққа қарай ойысып кеткен.

Бір байқағаным: мен атақты жазушылардың белгілі туындылары экранға шыққан кезде олардың түпнұсқасы өзгеретінін ұқтым. Айтпағым: кинотуындылардың көркемдігі өз алдына, ал оларды өзің оқып, сюжет желісін көз алдыңа елестеткен кезде басқаша. Онымен басқа әлемге саяхат жасауға болады.

Сауалнаманы жүргізген

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp