Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың өңір жастарымен кездескені жайлы газеттеріміздің өткен санында жазған болатынбыз. Осы жиында облыс орталығында барлық заманауи талаптарға сай келетін балаларға арналған Оқушылар сарайы бой көтеретіні белгілі болды. Бұл жағымды жаңалық жастарды ерекше қуантқаны анық.
– Біздің балаларымыз балғын шағынан білім беру, ойын-сауық, танымдық-дамытумен қатар нанотехнология, биотехнология, медициналық технология, робототехникасы, тағы басқалармен айналысатын болады. Оларға арналған алаңдар ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталады, – деді кездесуде облыс әкімі.
Сонымен қатар облыс орталығындағы ескі саябақты жаңа кейіпке енгізу жоспарланып отырғаны да хабарланды. Ол жастарға арналған саябақ болады.
– Оған қаражат бөлуге дайынбыз. Мен өңіріміздің белсенді жастарын саябақтың жобалау жұмыстарына қатысуға шақырамын. Өздеріңіз саябақтың қандай болғанын қалайсыздар, соның жобасын ұсыныңыздар. Оны біз қарастырып, сіздердің ұсыныс-тілектеріңізді ескеретін боламыз. Саябақ сіздердің қиялдарыңыздан туындап, өз қолдарыңызбен жасалуы, көңілдеріңізден шығуы тиіс. Онда спорттық жаттығу құрылғылары, велосипедке арналған жолдар, ойын-сауық орындары, демалыс аймағы қарастырылуы керек, – деді Құмар Іргебайұлы.
Өңір басшысы кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінің студенттері үшін барлық жағдай жасалып, шығармашыл студенттердің ақша табуына мүмкіндік беру керектігіне де тоқталды. Мектептен ұшқан түлек көп нәрсені оның қабырғасында жүріп меңгеруі үшін қажетті жағдайлар жасалып, олар мектеп бағдарламасынан бизнестің алғашқы әліпбиін үйренсе, әркімнің онымен айналысуға мүмкіндігі болады. “Бүгінде облыста 2206 жас кәсіпкер бар. Олардың саны арта түсетініне сенім мол. Өз ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлердің бастамаларын біз әрқашан қолдап, олардың армандарының жүзеге асуына көмектесеміз. Мен жастардан батыл шешімдер күтемін”, – деді облыс әкімі.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 4-курс студенті Жұлдызай Нұрышева 2014 жылы өзінің жеке бизнесін ашқан. Ол қазақ халқының ұлттық киім үлгілерін тігеді. Жұлдызай қазірдің өзінде үш адамды жұмыспен қамтып отыр.
Кездесуде “Серпін” бағдарламасымен оқып, осы жақта жұмысқа қалғысы келетін жастар пәтер мәселесі қалай шешілетінін сұраса, өнер колледжінің студенттері сабақтарын әр ғимаратқа барып оқитындарын алға тартып, болашақта колледжге жеке ғимарат салып беруді өтінді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл мәселелерді өзінің назарында ұстайтынын айтты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.