Егеменді еліміздің тарихын, әдебиетін, мәдениетін ұлттық тәрбие ескерткіштерін білетін, оларды құрметтейтін, рухани бай және саналы да білімді ұрпақ тәрбиелеу ісінде мектеп кітапханасының алар орны ерекше. Кітапхана жұмысы оқырмандармен жеке және топтық шаралар жүргізіп, оқу-тәрбие үдерісін ақпараттық-кітапханалық тұрғыдан қамтамасыз етумен ерекшеленеді. Білім ошағындағы оқу-тәрбие үдерісіне ақпараттық тұрғыдан ұдайы көмек көрсету кітапханашының міндеті болғандықтан, мектепішілік іс-шараларға араласып, пән апталықтарын қажетті кітаптармен жабдықтауға, сынып жетекшілеріне оқушылардың қызығушылықтары туралы мәлімет беруге жан-жақты көмек көрсетіп отырамын.
Дәстүрлі мерекелік шараларға орай кітапханада “Қазақ хандығының 550 жылдығына”, “Ұлы Жеңістің 70 жылдығына”, “Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына” арналған ақпараттық стендтер жасалды. 8 наурыз – аналар мерекесіне “Ардақтайық ананы”, 1 мамыр – бірлік мерекесіне “Бір шаңырақ астында”, тағы басқа тақырыптарда көрмелер ұйымдастырылды.
Аудандық білім бөлімі 2014-2015 оқу жылында мектеп кітапханасының қорын толықтырды. Көркем әдебиетті насихаттау мақсатында көрнекті жазушылардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мерейтойларына кітап көрмелерін, шығармашылықтарымен, өмірімен таныстыру шараларын ұйымдастырамын. Кітапханада оқушылардың анықтамалық, энциклопедиялық әдебиеттермен жұмыс істеулеріне жағдай жасалған. Сабақтан тыс уақыттарда оқушылардың кітап оқуын ұйымдастыру, жасөспірімдер мен жоғары сынып оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану бағытында да біршама жұмыстар жүргізілді. Кітапханада жүзге тарта оқырман тіркелген. Әсіресе, оқушылар белсенді.
Бибігүл ӘШКЕЕВА,
Қызыләскер орта мектебінің
кітапханашысы.
Айыртау ауданы.