«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУШЫ САБАҚТА ТЕЛЕФОН ҰСТАМАУЫ ТИІС

Техникалық үдеріс көз ілестірмей дамып келеді. Соның бір көрінісі – күнделікті өзіміз пайдаланып жүрген ұялы телефон. Себебі, сымсыз телефонды өндіретін шетелдік фирмалар бір-бірінен асып түсу үшін оның неше түрін ойлап шығаруда. Қазақстандықтардың таңдауы – смартфон. Әлеуеті бардың мақтанышына, жоқтың арманына айналған бұлардың тілін ересек адам түгіл, бесіктен белі шықпаған бала да игерген. “Заманына қарай адамы” десек те, қазір ұялы телефондар байланыс құралы емес, ата-аналар үшін баланы аулау амалына айналғандай. Осы орайда ұялы телефонның адам ағзасына тигізетін зияны туралы айтыла-айтыла жауыр болған мәселені тағы бір мәрте көтергелі отырмыз.

 

Әлі аяғын баспаған балаға смартфон ұстатып үйретіп, есейгенде өздері қалыптастырған дағдыны қойдыра алмай жүрген ата-ана қаншама?! Оған өзім де куә болдым. Бірде құрбымның үйіне қонаққа бардым. Балабақшадан келген бес жасар үйдің еркесі кіре сала анасының телефонына жармасты. Үйде отырған қонақтарға назар аударған да жоқ. Сұрағанын алып, бұрышқа барып отырды. Анасының “Тамағыңды жеп ал, кейін ойнайсың”, – деген сөзін құлағына да ілген жоқ. Бізден ыңғайсызданған құрбым: “Қолына телефон тисе болды, орнынан қозғау қиын”, – деп ақтала бастады. Біраз уақыт өтсе де, орнынан бір қозғалмаған баласының қылығына ыңғайсызданды ма: “Оның тамағы телефон ғой”, – деп әзілдеген болды. Бұл жағдайдан кейін мені “Кім кінәлі?” деген ой мазалады. “Ешкімнен кем болмасын” деген оймен баласының қалтасына қымбат телефонды салып қоятын ата-ана ма, әлде заманауи құрылғыны жетік меңгеріп әрі қарай қызығын көргісі келетін бала ма?! Кесіп айту қиын.

Қалалық “ЛорМед” медициналық орталығының балалар отоларингологі Серік Ақылбековтың айтуынша, баланың миы туған күнінен бастап екі жасқа дейін үш есе тез жетіліп, 21 жасқа жеткенде жетілуі тоқтайды екен. Ұялы телефон, интернет, теледидардың адам миының, өресінің тез жетілуіне оң әсері болғанымен, шектеу болмаса одан төнер қауіп зор. Зерттеулер көрсеткендей, гаджеттерді пайдалану назар жетіспеу синдромына, дамудың когнитивті бөгелісіне, білім алуының қиындауына және ақыл-есінің кемістігіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар зейін мен зеректікті дамытатын қимыл-қозғалыс азаяды, дамуы тежеледі. Артық салмақ та ұзақ уақыт бойы смартфонда ойын ойнайтын немесе теледидарды үздіксіз қарағаннан пайда болады екен.

– Түрлі гаджеттерді еркін пайдалана алатын балалардың 30 пайызы толықтықтан зардап шегеді. Ал салмағы тым көп балалардың диабет дертіне ұшырау қаупі жоғары, сонымен қатар толық адамдар ерте инсульт алуға бейім және жүрек тоқтап қалуы мүмкін, – дейді Серік Ақылбеков.

Сондай-ақ, ойынның қызығына берілген бала құмары қанғанша смартфонға жабысып, кеш жатады. Одан ұйқысы қанбайды, күн тәртібі бұзылады. Кей жағдайда тіпті ұйқысыздыққа ұрынады.

Ал Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты психология пәнінің мұғалімі Қымбат Кушкеева: “Зама­науи ойыншықтар мен құрылғыларды шамадан тыс көп пайдалану балаларды күйзеліске, қорқақтыққа, назар жетіспеушілік синдромына, аутизмге, қос полярлық ауытқушылық, психоз бен баланың іс-әрекетіндегі басқа да ауытқушылықтардың пайда болуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Жүйкесі әлі қалыптаспаған кішкентай балалар теледидар мен ойындарда көрсетілетін көріністерге аса бейім. Ондағы өлтіру, сабау, қинау мен зорлау сияқты зұлымдық іс-әрекеттер баланы агрессияға ұшыратады”, – дейді.

Мектеп оқушыларының ойын білгенде ұққанымыз, басым бөлігі телефонға байланудың зиянды екендігін білсе де, дағды болған әрекеттерінен бас тарта алмайтындарын мойындайды. Кейбіреулері мұғалімдерге көрсетпей пайдаланатындарын жасырмады. Солардың бірі – Кәмила көру қабілетінің нашарлауы ұялы телефонның, компьютердің әсері екенін білсе де, одан үзілді-кесілді бас тарта алмайтынын айтады. Себебі, сабаққа интернеттің материалдары негізінде дайындалатындығын алға тартты. Ал мектеп мұғалімдері интернет арқылы материал жинау баланың ой-санасына, тіл байлығына, ізденісіне, есте сақтау қабілетіне, тағысын тағыларға пайдасы аз деп отыр. Олар оқушылардың үй тапсырмасын интернеттен көшіріп алу арқылы өз мүмкіншіліктеріне тұсау салатындарын айтады. Бастауыш сынып оқушылары үшін интернеттің қажеттілігі шамалы.

Осы орайда білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпәш Қалғожинаның пікірін білген едік.

– Облыстық білім басқармасы “Мектепте оқушылар ұялы телефон ұстамасын” деген талап қоя алмайды. Себебі, бұл баланың құқығын шектеу болып табылады. Бірақ мұғалім өз сабағында баланың ұялы телефон ұстамауын қадағалауы және талап етуі керек. Егер мектеп әкімшілігі баланың оқу ордасында ұялы телефонды ұстауына қарсы болса, оны ата-аналармен келісіп, шешуі мүмкін. Жалпы, мұғалім, ата-ана, баланың жүріс-тұрыс тәртібінің қарапайым нормаларын сақтауы қажет. Тәртіп сақталса, мұндай мәселелер өздігінен шешіледі, – деді Күлпәш Әміржанқызы.

Облыс орталығындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат әкімшілігі ата-аналармен келісіп, балалардың мектеп ішінде ұялы телефон пайдалануына тыйым салып отыр. “Ұялы телефонға тыйым салайық десек, ата-аналар баламен қалай хабарласып тұрамыз деп шырылдайды. Ал кейбір оқушылар сабақ оқудың орнына мектептің бұрыш-бұрышына тығылып, телефонын ақтарып, көңілі бөлінеді. Осы дағдыларын қойдыру үшін қаншама тәсілді қолдандық. Балалар неше түрлі амал тауып алады. Бұдан әрі “телефонмен ұсталған оқушының құрылғысын алып қоямыз” деген шешімді жақында ата-аналар жиналысында айттық”, – деді білім ордасының директоры Күлжан Жұмашқызы.

Әл-Фараби атындағы мектеп-лицей де балалардың мектепте ұялы телефонды бейсауат қолданбауын қадағалайды екен. Ал тыйым салуға ата-аналар қарсы. Осындайда ата-аналардың өздері үйде баланың ұялы телефонды ұстауына шектеу қоя ма деген сұрақ туындары анық.

Бүгінгі күні бала түгіл, ата-аналардың өзі ноутбук пен смартфондарға тесіліп отырады. Содан бар уақытын жоғалтып, баласымен ойнауды, бір уақыт таза ауада серуендеуді ұмытады. Әке-шешесінен көргенін істейтін бала да заманауи “ойыншықтарға” байланады. Бұдан шығар қорытынды, өскелең ұрпақтың бұрындары компьютер мен планшетке, ал қазір ұялы телефонға тәуелділігі отбасынан бастау алып отыр.

Жанаргүл МЕЙРАМ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp