Халықаралық маркетингтік зерттеулер бойынша қазіргі кезде балаларға арналған өнімдер нарығы жыл сайын 15-20 пайызға өсіп отыр екен. Өнімдердің түрлері де өте көп. Алайда, көпшілік олардың сапасы мен қауіпсіздігіне көңіл бөле бермейді.
Аталмыш тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігі – балалар
денсаулығының басты кепілі болып табылады. Техникалық талаптарды өрескел бұза отырып жасалған өнімдер жеткіншектердің денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Бұл өнімдердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар “Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы” (КО ТР 007/2011) Кеден одағының техникалық регламентімен белгіленген.
Екі аптадан кейін жаңа оқу жылы басталады. Коронавирусқа байланысты оқушылардың бір бөлігі бірінші тоқсанды қашықтан оқығанымен, күнде мектепке барып тәлім алатындар да бар. Осыған орай ата-аналар дүкендерді жағалап, оқушылар сөмкесін сатып алуда. Біз сапалы өнімді дұрыс таңдау үшін бірнеше талапқа назар аудару керектігін ескертеміз. Ең алдымен, төмендегі талаптарды ескеру қажет:
– салмағы арқаға біркелкі түсетіндей арнайы қаңқасы және баланың арқасын түзу ұстап тұруға мүмкіндік беретін ортопедиялық оқушылар сөмкесін таңдау;
– сөмкенің жолқапшық бауы баланың иығына ауырлық түсірмеу үшін жалпақ және ыңғайлы материалдан болуы керек. Баулар ұзындығы бойынша реттелуі тиіс. Бұл ретте рюкзак баланың белі мен мойынына кедергі келтірмейтін болады;
– арқаға асатын сөмкенің салмағы баланың бойы мен жасына сәйкес болуы тиіс;
– арқаға асатын сөмкенің салмағы 1000 грамнан аспауы қажет;
– оқушы сөмкесі мен портфельдер жарық шағылыстырғыш элементтермен жабдықталуға тиіс. Олар сөмкенің шеткі жақтарында және арқаның жоғары қақпақшасында орналастырылып, түрлі түсті материалдардан дайындалуы тиіс. Жарық шағылыстырғыш элементтер автомобиль жүргізушілеріне қараңғы уақытта көшеден өтіп бара жатқан баланы алыстан көруге көмектеседі.
Бұдан бөлек, дүкендерде балалар мен жасөспірімдерге арналған былғары бұйымдарын сатып алған кезде міндетті түрде өнімнің таңбалануына назар аудару қажет. Атап айтқанда, өнім дайындалған елдің атауы, дайындаушының орналасқан жері (дайындаушының, уәкілеттік тұлғаның), импорттаушы мен дистрибьюторлардың атауы, бұйымның дайындалған күні, нарықтағы айналымның бірыңғай белгісі, өнімнің жарамдылық мерзімі, тауар таңбасы болуы тиіс.
Ақпарат бұйым өндірілетін және тұтынушыға сатылатын Кеден одағына мүше елдердің мемлекеттік тілінде ұсынылуы тиіс. Мектеп сөмкелері КО ТР 007/2011 “Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы” Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкес болмаса алмаңыз. Аталмыш регламенттің қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін және сәйкестікті бағалау (растау) рәсімінен өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдер Кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісімен таңбалануы тиіс.
Азамат КӘРІМОВ,
Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департаментінің бас маманы – мемлекеттік бақылау жөніндегі инспектор.