
Петропавл қаласындағы Бірінші гимназия – облыс бойынша аталмыш мәртебеге ие болған алғашқы инновациялық оқу орындарының бірі. Ол 25 жыл ішінде бәсекеге қабілетті, жоғары дәрежеде білім беретін оқу орындарының қатарынан көріне білді. Гимназияның оқу мен тәрбие беру үдерісі әрбір оқушының жеке басының қабілеті мен қасиетін дамытуға, қоғамның белді жақсы адамы болып шығуына бағыт-бағдар беруді көздейді.
Гимназиядағы мұғалімдердің 92 пайызы – жоғары және бірінші санатты ұстаздар. Олардың ішінде облыстық педагогикалық оқулардың, республикалық “Үздік психолог – 2014” байқауының, халықаралық педагогикалық инновация жәрмеңкесінің жүлдегерлері, “Биология пәнінің үздік мұғалімі” атағының иегері бар.
Гимназия базасында педагогтер семинарлар, конференциялар, шеберлік сыныптары, коучингтер, дәрістер өткізеді. Мұғалімдердің инновациялық тәжірибелері қаладан бастап, халықаралық кеңістікке дейін сырттай байланыстар арқылы таратылады. Мектеп мемлекеттік стандартқа қоса оқушылардың қызығушылықтары бойынша жеке пәндерді де тереңдетіп оқытады. “Салыстырмалы тіл білімі”, “Экономика”, “Орыс тілінің тарихы”, “Адам әлемі”, “Көркем еңбек”, тағы басқа факультативтер, үйірмелер, авторлық курстар жүргізіледі.
Бірінші гимназия “PISA халықаралық зерттеу кеңістігі аясында білім алушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру жөнінде педагогтердің кәсіби біліктіліктерін дамыту” тақырыбы бойынша облыстық “Өрлеу” инновациялық технологиялар кафедрасымен әріптестік орнатып, олардың эксперименттік алаңы болып табылады.
2008 жылдан бастап гимназия DSD-мектебінің мәртебесін алуының арқасында өзінің әрбір түлегіне неміс тілінде сөйлейтін кез келген елдің жоғары оқу орны мен колледжінде тегін оқуына жол ашты. Сондай-ақ, гимназияның “Мектептер – болашақ әріптестер” халықаралық жобасына қатысуы оқушыларымыздың екі мәрте Наиль (ГФР) қаласындағы әріптес мектепке баруына мүмкіндік берді. Біздің ұжым да қонаққа келген неміс оқушыларының делегациясын екі рет қарсы алды. 2015 жылы гимназия өзі үшін “Берлиндегі демалыс” халықаралық бағдарламасын ашты. Соның аясында гимназия оқушылары Берлинде неміс және ағылшын тілдерінен тілдік курстарда оқып, Германияға саяхат жасап, бүкіл әлемдегі өзінің құрбыларымен араласып қайтты.
Ағылшын тілін білу – әлемдік білім кеңістігіне табысты ықпалдасу факторы. Болашақта бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға жақсы жағдай жасау үшін гимназияда ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Ағылшын тілінің мұғалімдері Британ кеңесінің жаттықтырушылары ретінде Кембридж университетінің оқыту әдістемесі бойынша педагогтерді оқыту мақсатында қала және облыс мұғалімдеріне арналған семинарлар мен тренингтер ұйымдастырады. Гимназия 2011 жылдан бері “Мектептік онлайн әріптестік” халықаралық жобасының да қатысушысы. Ондағы әріптестер – Үндістан, Ява, Непалдың балалары.
Мектептің жетістігі түлектердің әлеуеттік деңгейінен, функционалдық сауаттылығынан көрінеді. Біздің оқушылар – әртүрлі деңгейдегі олимпиадалардың, ғылыми жоба сайыстарының жүлдегерлері. Түлектеріміз Қазақстанның алдыңғы қатарлы университеттерімен қатар Англия, Шотландия, Австрия, Чехия, Кипр, Германия, Үндістанның жоғары оқу орындарында білім алуда. Олар бұл мемлекеттердегі алған білімдерін өз Отанына оралғаннан кейін туған жердің гүлденуі үшін сарқа пайдаланатын болады.
Татьяна АХМЕТЖАНОВА,
Бірінші гимназия директорының
ғылыми-әдістемелік жұмыс
жөніндегі орынбасары.
Петропавл қаласы.