«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫ

Өңірге Түмен облыстық төтенше жағдайлар министрлігі бас басқармасының бастығы Артур Хачатрян бастаған делегация келіп, «Qyzyljar» креативті индустрия орталығында ұйымдастырылған алқалы басқосуға қатысты. Онда көктемгі су тасқынының алдын алу мәселелері талқыланып, нақты шаралар белгіленді. Бұдан бөлек, солтүстікқазақстандық және ресейлік құтқару мамандарының бірлескен «Көктем-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өтті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жомарт Асқаров мәлімдегендей, маңызды шара республикалық мәртебеге ие. Негізгі штаб Қостанай облысында орналасқан.

Былтырғы су тасқыны өңірімізді көктей өтіп, Түмен облысына да жеткені белгілі. Апат айтып келмейді. Кез келген уақытта су келіп қалуы мүмкін. Оған қарсы дайындық жұмыстарының қарқынды түрде жүргізіліп жатқаны сондықтан.

Облыста 100-ден астам елді мекенге қауіп төніп тұр, тиісті шаралар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Жуырда өңірге Қарағанды қаласында орналасқан № 28234 әскери бөлімнен 50 әскери қызметші көмекке келді. Олар Қызылжар ауданына жіберіліп, топырақ үйінділерінен жасалған бөгеттерді полипролин материалдарымен қаптауға жәрдемдеседі. Сонымен қатар ол жақтан 5техника әкелінді.

Қазіргі таңда облыста тасқынға байланысты жедел штаб өз жұмысын бастады. 17 мың адамға арналған 250-ге жуық эвакуациялық пункт әзірленді. Қажетті азық-түлік пен дәрі- дәрмек қоры келісімшарт негізінде қамтамасыз етіледі. 800 мың текше метр қар сыртқа шығарылған. Топырақ үйіндісінен 576 шақырым бөгет салынған. Инженер-гидрологтар әр бес күн сайын Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығын өлшеп, ағыстың жылдамдығын анықтап отырады. Осылайша алдағы тасқынға қатысты болжамдар жасалады. Ғабит Мүсірепов атындағы, Есіл, Шал ақын, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласына қауіп төнеді. Күн күрт жылынса, мұз кептелісі орын алуы ықтимал.

«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы бөлімінің жетекшісі Дәурен Қосшығұловтың айтуынша, Сергеев су қоймасына шамамен 3,1 млрд. текше метр су жиналады. Былтырғы деңгейге қарағанда аз болғанымен, ойпаң жерлерде орналасқан ауылдардың жағдайы қиындауы мүмкін. Бүгінде 22 гидрологиялық бекет жұмыс істеп тұр. Тасқынға қарсы атқарылатын шараларға 2,5 млрд. теңге қарастырылған.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp