«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУ ЖЕТІСТІКТЕРІН СЫРТТАЙ БАҒАЛАУ

Үстіміздегі жылы оқу жетістіктерін сырттай бағалау Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес жүргізіледі. Осы уақытқа дейін оқу жетістіктерін сырттай бақылау нәтижелерін сараптау көрсеткеніндей, біздің өңірдің оқушылары көбінесе қазақ тілінен, Қазақстан тарихынан жақсы көрсеткіштерге ие болса, математика, физика, химия пәндерінен алған ұпайлары көңіл көншітпейді. Биылғы жылы оқу жетістіктерін тексеру және білім беру үдерісінің тиімді ұйымдастырылуын бағалау шарасы бастауыш және негізгі мектептер арасында іріктеліп өткізіледі. Мектептер тізбесін Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті өңір мектептерінің жалпы санының 20 пайызын репрезентативтік таңдап алу әдісімен айқындайды және ол тізбе Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітіледі.

Оқу жетістіктерін сырттай бақылау сынағы 4-сыныптарда математика және әдебиеттік оқу пәндері бойынша жүргізіледі. Тестілеуге 70 минут уақыт бөлінеді. Тапсырмалардың жалпы саны – 30 (әр пән бойынша 15 сұрақтан). Тест тапсырмалары үш деңгейде құрылған: оның ішінде бірінші деңгейдегісі (А) – 7 тапсырма, екінші (В) – 5, үшінші деңгей (С) 3 тапсырмадан тұрады. Барлық тапсырмалар ұсынылған төрт жауаптың ішінен дұрысын таңдауды талап етеді. Дұрыс орындалған әр жауап бір ұпаймен бағаланады. Ұпайдың жалпы жиынтығы – 30. Әдебиеттік оқуға екі мәтін енгізілген, олардың әрқайсысына мәтін мазмұны бойынша үш тесттік тапсырма берілген.

9-сыныптарда әр оқушы қазақ тілі және оқу жоспарының инварианттық бөлігінің бір пәні бойынша тестілеуден өтеді. Тест тапсырмалары қазақ тілі бойынша – 20 және екінші пәннен 40 сұрақты құрайды. Барлығы 60 сұраққа 130 минут (2 сағат 10 минут) уақыт беріледі. Компьютерлік тестілеу жағдайында қазақ тілінің тапсырмаларын орындауға – 40, екінші пәнге 90 минут бөлінеді.

9-сыныпқа арналған сұрақтар жалпы білім беретін оқу бағдарламаларына сәйкес құрылған, сонымен қатар оған оқушылардың функционалдық сауаттылығын бағалауды көздейтін тапсырмалар да енгізілген. Қазақ тілі бойынша оқушылар 15 тапсырманы орындауы тиіс. Онда ұсынылған бес жауаптан дұрысын таңдау қажет. Сондай-ақ, оқу сауаттылығын бағалауға мүмкіндік беретін бес тапсырманы орындау керек. Бұл сыныптың тапсырмалары да үш деңгейде құрылған, олардың бірінші деңгейде (А) құрылғаны – 10, екіншіде (В) – 7, үшінші деңгейдегісі (С) – 3. Дұрыс орындалған әр жауап бір ұпаймен бағаланады. Ұпайлардың жиынтығы – 20.

Оқушылар екінші пән ретінде дүниежүзі тарихы, Қазақстан тарихы, биология, география, алгебра, физика, химия, орыс тілі (орыс және қазақ тілінде білім беретін мектептерде), әдебиет, ағылшын тілі пәндерінің бірін таңдайды. Демек, қазақ тілі бойынша бір сыныптағы балалар түгел тест тапсырса, екінші пән әркімге дербес белгіленеді. Бұл пәндерден тест 25 тапсырмадан тұрады. Онда берілген бес жауаптың дұрысын таңдау талап етіледі. Және бір немесе бірнеше дұрыс жауаппен 15 тапсырма бар. Олар үш деңгейде құрылған. Бірінші деңгейде (А) құрылғаны – 21, екінші (В) – 12, үшінші деңгейде (С) – 7. Екінші пән бойынша ұпай санының ең көп көрсеткіші – 55, жалпы 75-ке тең.

Оқу жетістіктерін сырттай бағалауға дайындалу үшін сынақ тапсырмаларының үлгі нұсқалары Білім және ғылым министрлігінің, Ұлттық тестілеу орталығының интернет-ресурстарында орналастырылған. Сондай-ақ, сынама тестілеуді жүргізуге арналған сұрақ кітапшалар мен оқу-әдістемелік құралдар шығарылған. Тест тапсырмаларының сынама нұсқалары ҰБТ өткізу пункттері арқылы мектептерге жеткізілген.

Мектеп басшылығы және ұстаздар оқушыларға жауап парақтарын толтыру және тест мәтінімен жұмыс істеу жолдарын үйретулері, оқушылар мен ата-аналар арасында аталмыш шараның ерекшіліктерін түсіндірулері қажет. Сынақ нәтижесі бойынша оқушыларға баға қойылмайтынын және білім беру ұйымына қатысты ешқандай құқықтық салдары болмайтынын айтулары тиіс.

Асыл ЖҮНІСОВА,

Солтүстік Қазақстан облысы

білім саласындағы бақылау

департаментінің бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp