Республика бойынша барлық білім ордаларында бірыңғай педагогикалық кеңес өтті. Жиын барысында әр мектеп жаңа оқу жылына дайындықтарын пысықтап, өзекті мәселелерді талқылады. Ауқымды жиын онлайн форматта ұйымдастырылды.
Екі аптадан кейін басталатын оқу жылына дайындық қызу жүріп жатыр. Кезекші сыныптарда оқитын балаларды қабылдау үшін жағдай жасалып, қашықтан оқитын орта және жоғары сынып шәкірттері оқулықтармен қамтамасыз етілуде.
«Педагогикалық кеңес барысында әрбір мектеп ұжымы басшылықпен бірге өзекті сұрақтарды талқылап, шешу жолдарын қарастырды. Ең бірінші кезекте тұрған мәселе, әрине, оқыту форматы. Қашықтан оқуда әр білім ордасы, әр ұстаз оқыту платформасын өздері таңдай алады. Кезекші сыныптарға оқушыларды қабылдау дайындықтары да кеңес барысында бекітілді», – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова.
Кеңес барысында мектеп формасы мен кезекші сыныптарға құжаттарды қабылдау мәселесі де талқыланды. Білім және ғылым министрлігінің шешімімен, биыл елдегі ахуал тұрақтанғанша оқушылардан мектеп формасы талап етілмейді. Балалар классикалық үлгідегі киім үлгісін кисе жеткілікті.
Елімізде 17 тамыздан бастап барлық білім ордаларында оқушылар үшін қосымша сабақтар басталды. Ондағы мақсат – өткен оқу жылының төртінші тоқсанындағы тақырыптарды қайталап, еске түсіру. 9-11 сынып оқушылары үшін күніне төрт, ал бастауыш сыныптар үшін үш сабақ өтеді. Дәрістердің мерзімі – 30 минут. Қосымша сабаққа қатысу-қатыспау әр баланың өз еркінде.
Облыс орталығындағы №9 орта мектеп директорының орынбасары Меруерт Басыбаеваның айтуынша, аталған білім ордасында да тамыз айының соңына дейін оқушыларға консультациялар өткізілуде. Алдын ала әрбір сыныпқа арналып кесте құрастырылып, негізгі пәндер бойынша қайталау сабақтары өтіп жатыр.
Сурет: https://www.inform.kz/