Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге өңір түлектерінің 71 пайыздан астамы қатысып, республикадағы орташа көрсеткіштен жоғары ұпай жинады. Оқушылардың төртінші тоқсанда қашықтан білім алғанын ескерсек, түлектердің жақсы нәтиже көрсетуі сапалы білім берілгенін айғақтайды. Алдағы жаңа оқу жылы да қашықтан басталатындықтан, оған дайындық тіпті тиянақты жүргізілуі тиіс. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында осы мәселе кеңінен талқыланды.
Елдегі жағдай ескеріліп, шалғай ауылдағы шағын мектептерде білім алатын 14 мыңнан астам оқушы әдеттегідей, ал қалғандары қашықтан білім алатын болды. Қазір компьютер және сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, қазіргі таңда білім беру ұйымдарында 16755 компьютер бар. Соңғы бес жылда үш мыңнан астам компьютер сатып алынғанымен, әлі де тозығы жеткен төрт мыңдайын ауыстыру қажет. Сондықтан қыркүйек айына дейін бір мыңға жуық компьютер алынбақ. Жалпы жаңа оқу жылында білім беру ұйымдары 11 мыңнан астам оқушыны компьютермен қамтамасыз етуі тиіс. Өкінішке қарай, аудандардың барлығы бірдей үнемделген қаржыға компьютер алуға ниет танытпай отыр. Мәселен, Ақжар ауданына 197 компьютер қажет болғанымен, жергілікті әкімдікте бөлер қаржы жоқ. Өңір басшысы бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовке бұл мәселені бақылауда ұстауды тапсырып, аудан әкімдеріне облыстық бюджетке ғана иек артпау қажеттігін ескертті. Ал мұғалімдерді компьютермен қамтамасыз етудегі шығынның 50 пайызын салалық кәсіподақ өз мойнына алмақ. Себебі, жаз айларында мұғалімдерді санаторийге жіберу үшін жолдамалар алынса, биыл бұған тиесілі қаржы жұмсалмаған күйі тұр.
Отырыс барысында білім беру ұйымдарын жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету жайы да қозғалды. Бүгінде өңір мектептерінің көбі интернетке қосылғанымен, Айыртау, Уәлиханов және Жамбыл аудандарындағы бірқатар елді мекендер интернеттің игілігін көре алмай отыр. Бүгінгі таңда құзырлы органдар бұл мәселені шешу үшін тиісті компаниялармен келіссөздер жүргізіп, жыл аяғына дейін 70-тен астам елді мекенді интернетке қосуды жоспарлапты.
Ал әдеттегідей білім беретін оқу орындарында санитарлық талаптарды қатаң сақтау үшін үнемделген тамақ пен коммуналдық қызмет ақысы есебінен 800-ден астам тепловизор және өзге де керек-жарақ сатып алынбақ. Сондай-ақ, мұғалім мен оқушының денсаулығына қауіп төндірмеу үшін бұл елді мекендерге кіріп-шығуға шектеу қойылады.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің ректоры Ербол Исақаев жоғары оқу орнының жауапты кезеңге дайындығын баяндады. Олар да оқу үдерісін қашықтан бастайтын болғандықтан бакалавриат, магистратура және докторантурада оқитын 8 мың адамның үздіксіз дәріс алуын қамтамасыз етуі тиіс. Сол себепті оқытушылар біліктілікті арттыру курстарына қатысты. Оқу үдерісіне қажет үш мыңнан астам электронды оқулық жүктелген. Биыл жергілікті оқу орнына бөлінетін грант саны да 13 пайызға өсуі мүмкін.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу жоспарға сәйкес өтті. Биыл тестілеуге әр төрт түлектің үшеуі қатысты. Бұл 2017 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш екенін атап өткен жөн. Салыстырып айтар болсақ, 2017 жылы тестілеуге оқушылардың 60 пайызы, 2018 жылы 63 пайызы, 2019 жылы 59,5 пайызы қатысқан, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Соңғы жылдары өңірімізде мектеп оқушыларының саны да артуда. Сол себепті жаңа мектептер салып қана қоймай, жұмыс істеп тұрғандарын уақтылы жөндеу де қарқынды жүргізілуде. Ал білім беру ұйымдарының тозығы жеткен көліктерін жаңарту өткен жылдан бері біртіндеп шешілуде. Осы күнге дейін мектептерге 24 автобус сатып алынса, оқу жылы басталғанша тағы он тоғыз көлік оқушылардың игілігіне берілмек.
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылғанымен, сапалы білім берер кадр жетіспесе, атқарылған жұмыс еш кетері анық. Соңғы үш жылда өңір мұғалімдерінің қатары 1390 жас маманмен толықса, үстіміздегі жылы 315 кадр жұмысқа қабылдануы тиіс.
– Аз қамтылған отбасындағы оқушыларды компьютермен қамтамасыз ету мәселесі жеделдетіліп, дәстүрлі түрде білім беретін мектептерде санитарлық қауіпсіздік қатаң сақталуы тиіс. Сонымен қатар мектептерді жылдамдығы секундына 8 мегабиттен кем емес интернетпен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет, – деген өңір басшысы орынбасары Ғани Нығметовке аудан әкімдерімен бірлесе отырып, бұл мәселелерді жедел шешуді тапсырды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.