Осыдан біраз күн бұрын Астанаға жолым түсіп, бәріміз аузымыздың суы құрып, тамсанып, жылдамдығын асыра мақтап айтып жүрген “Тальго” пойызына отырдым. Жол жүру билетімде көрсетілген орынға жайғастым да, жанымдағы жолаушылармен амандастым. Қарсы отырған қарт адам жылы шырай танытып, басын қайта-қайта шұлғып қояды. Ал оң қапталыма жайғасқан жас қыз бұрылып та қараған жоқ. Құлағында – наушник. Қалта телефонын әрлі-берлі аударып, шұқылап, әлдебір әуенге тербелгендей басын изеп, ара-тұра екі аяғын пойыз вагонының еденіне ұрып-ұрып қояды.
– Үлкен баламның қолында тұрамын. Екі немерем бар. Екеуі де ұл бала. Әке-шешелері күнұзақ жұмыста. Сегізінші сынып оқитын үлкен немерем соңғы уақытта жаман әдетті шығарып жүр. Не деуші еді? Әлгі.., – деп кібіртіктеп, ақсақал көзімен қасымда отырған қызды нұсқады. Оның ойын түсіндім де, лезде “Наушник”, – дедім. – Иә. Сол бәлені құлағынан тастамайтын болды. Күндіз де, түнде де, сабаққа дайындалса да, тамақ ішіп отырса да, тіпті ұйқыға жатар алдында да киіп алады. Соңғы кездері беймезгіл уақытта, үйдегілердің барлығы қалың ұйқыда жатқанда құлағынан суырып алып қоятын болдым. “Құлағыңдағыны ал!” деп қаттырақ айтсам, шамданады, – дегенінің астарында үлкен реніш бар екендігін сездім. Немересі үшін жүрегі ауырған ақсақалдың аянышты кескіні әлі күнге көз алдымнан кетер емес.
Шыны сол, көшеде де, саябақта да, қоғамдық көліктерде де, тіпті мәдени орындарда да көгендегі қозыдай қосақталып, бір құлаққапты екіге айырып, оқшауланып, өзгеше әлемге енгендей, құмарлана тербеліп тұрған жастарды көресіз. Көзіміз түгіл, етіміз үйреніп кеткендігі сонша, “Бүгінгінің жастары өзгеше” дейміз де қоямыз.
Ғалымдардың айтуынша, құлаққап немесе наушник ауруына ұшыраған адамның негізгі бір белгісі – айналасындағы адамдардан оқшаулану, өзгеше әлемде өмір сүргендей бөлек күй кешуі екен. Алғашында ерекше күйге бөлеп, әлгіні тыңдаса, іштегі мұң-қайғысы жуылып кететіндей, қиналғанда – сүйеніші, тірегі, мұңайғанда – жанашыры сияқты әсер береді де, бірте-бірте түпсіз терең тұңғиыққа тарта бастайды. Уақыт өте келе оған түбегейлі тәуелді болып қалуы да ғажап емес. Өмірде кездесетін түрлі жағдай басына түскенде әлгі “сырласы” сырт айнала береді.
Сіз оны дымыңыз құрып өліп-өшіп тыңдайсыз, ол үшін айналаңызда орын алып жатқан оқиғаларға араласудан қаласыз. Қысылтаяң уақытта ол сізді тыңдамайды. Тіпті, естуге, жан жараңызды жазуға қауқарсыздығын танытады. Сіз мұны біле тұра ақылгөй атаңыздан да, ақжүрек анаңыздан да, асқар тау әкеңізден де, қамқоршы қарындасыңыздан да, ізетті ініңізден де алыстайсыз, оларға мұң жараңызды айтуға аузыңыз бармайды. Бір білетініңіз – құс жастықты құшақтап тұрып, ағыл-тегіл жылап, “Мені ешкім түсінгісі келмейді” деп ағыңыздан ақтарылу, өзгелерге жеккөрінішті көңілмен қарау. Арғысы қатыгез деп қарғыс айтып жүрген қоғамымызда, әсіресе, жастардың арасында жиі орын алып жатқан трагедия – суицид. Оған ұласып кетуден сақтасын дейміз, амалсыз.
Осы тұста құлаққаптың адам денсаулығына өте зияндығын да айта кеткен жөн. Облыстық аурухананың дәрігері Светлана Примак наушникті жүйелі түрде кию құлақтың есту қабілетін төмендететінін айтады.
– Қан қысымын көтереді, бас ауруына шалдықтырады. Оны ұзақ уақыт киген адам байқампаздық қасиетінен айрылады, ашушаң, күйгелек күйге түседі. Біздің өңірімізде осы мәселемен шағым айтып келушілердің қатары көбейіп келеді. Бір жаманы дертіне дауа іздеп келетіндердің дені – өрімдей жастар, – дейді.
Біздің негізгі айтпағымыз, досты, сырласты айналамыздағы адамдардан емес, жансыз заттан іздеуіміздің қаупі болып отыр. Аяулы анамыздан, әкемізден оқшаулануымыздың арты қалай болар екен?
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.