«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚЫЛМАСА, КІТАП ЖЕТІМ

“Қазіргі қоғамдағы жастардың кітап оқуға деген көзқарасы қандай?” деген мәселеге әркім өзінше жауап береді. Олардың дені өскелең ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығы азайып, көркем әдебиет оқуға құлықсыздық пайда болғанын айтады. Оның негізгі себебі – күнделікті қолданатын ғаламтор, компьютер, заманауи технологиялардың әсері. Дегенмен, жастардың барлығы кітап оқымайды деген пікір қате екендігін мойындауымыз керек.

Жастар әлеуметтік желі арқылы өздеріне қажетті ақпараттарды алады. Бірақ бұл ұлы тұлғалардың көркем туындыларын кітаптан оқудан алған әсерімен салыстыруға келмейтіні анық. Кітап – адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. “Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік”, – деген болатын академик жазушы Ғабит Мүсірепов. Сондықтан да кітапты таңдап-талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғышарттардың бірі болмақ.
“Кітап маған тақтан да қымбат”, – деген екен Уильям Шекспир. Жастардың кітап оқуға деген ынтасын арттыруда мектептің рөлі ерекше. Білім ордасында қызмет етіп, күнделікті өскелең ұрпақпен жұмыс істеп жүргенде байқағаным – кітап оқитын жастар аз емес. Мәселе кітап оқымауда емес, оның насихатталмауында. Бүгінде кітапты жарнамалаудың түрлі әдістері бар. Осы ретте мектептегі мұғалімдердің жас оқырман үшін дұрыс бағыт-бағдар беруі өте маңызды.
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта оқу жылы басталғаннан бері директорымыз Ержанат Бакировтың бастамасымен білім ордасында жаппай “Оқу сағаты” жобасы жүзеге асырылуда. Сабақтан кейін оқушыларда көркем шығармаларды оқу дағдысы қалыптасты. Бірінші жартыжылдықта оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ұлттық әдебиетіміздің туындылары таңдалып оқылды. Оның қорытындысы бойынша оқырмандар тест тапсырып, жүлдегерлер арнайы дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды. Ал екінші жартыжылдықта оқушыларымыз орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқуда. Алдағы уақытта бұл жоба ағылшын тіліндегі туындыларды да қамтитын болады.
“Мен бойымдағы жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын”, – деген сөзді атақты орыс жазушысы Максим Горький айтқан болатын. Егер біз кітап оқуды қойсақ, онда ой ойлаудан да, айналамыздағы құбылыстарды талдау, барлау, болжау, бағамдау қабілетінен де, тіпті, адамгершілік қасиеттерден де айырыламыз. Кітап оқу бұл – текті кісілікке, кемел адамгершілікке, кемеңгер көрегендік пен мәдениеттілікке қол жеткізу бағытында құрыштай шыңдала түсудің көрсеткіші деуге толық негіз бар. Сондықтан осындай шаралар ұйымдастырып, жас ұрпақты кітап оқуға ынталандыру арқылы баға жетпес туындыларымызды насихаттау өз жемісін береді деген ойдамыз.

Айнагүл КАБДУЛИНА, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp