Бір бала қалада оқып, жазғытұрым ауылына келді. Әкесі: “Балам, енді шөп шабатын мезгіл жақындады, қолыңа тырнауыш ал, мен шапқан шөпті жинап, жәрдеміңді тигіз”, – деді.
Баланың жұмыс қылғысы келмей: “Мен әртүрлі ғылымдар оқып қайттым, қара қазақтың сөздерін ұмыттым, тырнауыш деген не нәрсе?”– деді. Осы сөзді айтқаны-ақ сол еді, тысқа шықса, жатқан тырнауыштың басын байқамай, аяғымен басып қалып еді, сабы тақ етіп маңдайына тиді. Сонда ғана тырнауыштың не нәрсе екені есіне түсіп, маңдайын сипалап тұрып: “Тырнауышты аяқастына тастаған қандай ақымақ екен”, – деп ашуланды.
Міржақып ДУЛАТОВ.