И.Шухов атындағы қалалық кітапхана ұжымы карантин талаптарын сақтап үйде отырған оқырмандар үшін өз жұмысын әлеуметтік желілер арқылы жүргізуде. Жуырда Дүниежүзілік кітап күніне орай оқырмандар арасында көркем шығарма оқудан челлендж ұйымдастырды.
Шара барысында облыс орталығының 11 тұрғыны әлеуметтік желілер арқылы оқыған және оқып жатқан кітаптарымен бөлісті. Челленджге алғашқылардың бірі болып үн қатқан белсенді оқырмандардың бірі Кенжегүл Махметова. Ол Абайдың 175 жылдығына орай ақынның қарасөздерін және поэзиясын оқыған. “Абай поэзиясы – даналыққа, махаббат пен адалдыққа тұнып тұрған қайталанбас мұра, оның мол қазынасын жаңаша ұғыну мақсатында әр туындысын мұқият оқып шықтым. Абай өлеңдерін бұған дейін де оқып-жаттағаным бар. Бірақ оның мұрасына тереңірек үңілген сайын бойымды жаңа сезімдер билейді”, – дейді оқырман.
Кітапхана балалар арасында да түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Кішкентайлардың карантин кезіндегі бос уақытын тиімді өткізу үшін “Ертегі және мен” суреттер конкурсын жариялаған.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.