«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚЫРМАНҒА ОЛЖА

Бар ғұмырында ғақлиялы сөздерімен, отты өлеңдерімен туған халқын надандық тұманына тұншықтырмай, нұрлы болашаққа, сәулелі өмірге жетелеген дара данышпан, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай елімізде, мемлекетімізден тысқары жерлерде түрлі мәдени, рухани шаралардың ұйымдастырылып, ойлы оқырманның жүректеріне жол тартқаны белгілі. Солардың әрқайсысына шынайы ниетпен тілеулес болып, ғұламаның ұлт тәрбиелеу ісіндегі әр сөзінің бүгін мен болашақ үшін құнды мұра болып қала беретініне көзіміз жете түсті. Жуырда тағы да осындай мазмұндас қуанышты бір хабарды естіп, көңіліміз көкке серпілгендей көтеріліп қалды.

Белгілі әдебиет зерттеушісі Сәуле Мансұрова құрастырған «Абай» деп аталатын кітап қолыма алғаш тигенде оның мұқабасының көркем безендірілгеніне, туындының ауырлығына таңырқай қарағаным жасырын емес. Жалпы бұл Сәуле Әмірханызының «зерттелмеген мұхит, игерілмеген ғарыш» Абай тақырыбындағы алғашқы дүниесі емес. Ғалымның 2002 жылы – Абайдың таңдамалы шығармаларын шағын форматта, ал 2003 жылы үлкен форматта көп таралыммен бастырып шығарғанынан, 2010 жылы “Пушкин мен Абай: ұлылар үндестігі” кітабын дайындап, оқырманға ұсынғанынан хабардармыз. 2017 жылы осы жинақтың толықтырылып, Мәскеудің “Художественная литература” баспасынан қайта жарық көргені де кітапқұмар жұртшылықтың есінде болар.
Абай – ұлттың киесі. Оның сыры – Абай қалың елі қазағын жарқын да тура жолға сілтеді. Не жазса да түпкі мақсаты осы болды. Жатса-тұрса соған қам жеген ақын:
«Іште дерт қалың,
Ауыздан жалын,
Бұрқ етіп, көзден жас шықсын», – деп тебіренеді. Туындымен танысып шыққан әрбір адам ақынның осынау сертіне берік болғанын аңғарады. Абай Құнанбаевтың бізге жеткен өлеңдері аз да емес, көп те емес. Солардың қазақ және орыс тіліндегі нұсқаларын да осы туындыдан табуға болады. Марғасқа Мағжанның “Атақты ақын сөзі алтын хакім Абайға”, Фариза Оңғарсынованың “Абайды іздеу”, Жарасқан Әбдірешевтің “Абай рухымен сырласу” атты арнау өлеңдері Абай сөзінің қазақ аспанында жарық Күндей жарқырай беретініне иландырады.
Абайды тану үшін ең алдымен “мыңмен жалғыз алысқан” ақынның мол мұрасын мұқият оқып, зердемізге құюымыз керек. Ендеше, Абай сөзін ойлы оқырманға жеткізуді көздеген Сәуле Мансұрованың бұл еңбегінің әр жүректің төрінен орын алатынына күмән жоқ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp