«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚЫРМАНҒА ОЛЖА

“Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру” бағдарламасы аясында көрнекті тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын қызықты кітаптар жарық көріп, өз оқырмандарын табуда. Жуырда біздің кітапхананың қоры осындай жаңа әдебиеттермен толықты.

Балалардың ұлттық мәдениетімізге деген ынта-ықыласын арттыратын кітаптардың қатарында “Көкшетау сал-серілер кітапханасы” сериясымен жарыққа шыққан туындылар бар. Ақан сері Қорамсаұлы, Біржан сал Қожағұлұлы мен Ыбырай Сандыбайұлы сынды қазақ халқының атақты өнер иелерінің бай мұрасы жинақталған топтаманы жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев құрастырған. Мұнда сал-серілердің өмірі жайындағы деректер, өлеңдері, айтыстары мен нақыл сөздері топтастырылған. Сондай-ақ, бұл жинаққа ақын Мағжан Жұмабаевтың Ақан серінің өмірі мен өлеңдері туралы шығармасы да енген.
Кітапханаға түскен жаңа туынды “Қорқыт ата кітабы” – түбі бір түркі халықтарының ортақ әдеби жәдігерлері­нің бірі. Тарихи жазбалардың негізгі бөлігі аңыз-әңгімелер бо­йынша құрастырылған. Қазақстанда тұңғыш рет жарияланып отырған Қорқыт ата кітабында Дрезден қолжазбасының транскрипциясы, қазақша жаңашаланған мәтіні, сөздігі берілген. Сондай-ақ, бұл кітапқа оғыз батырларының қаһармандығын дәріп­тейтін он екі жыр енген. Туындыда ата-бабамыздың тұр­мыс-тіршілігі, әдет-ғұрыптары мен діни се­нім­дері туралы мол мағлұ­матты кездестіруге болады. Жинақтың қазақ тілінде жарық көруіне мол еңбек сіңірген көрнекті мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Қорқыт бабамыз жайлы тың ақпараттар ұсынады.
Көрнекті ғалымның өзі туралы жазылған “Қалың қазақтың қадірлісі” атты кітап та оқырмандардың көңілінен шығады деген сенімдеміз. Онда барлық саналы ғұмырын ұлт мүддесін ұлықтауға, халқымыздың шынайы тарихын зерттеуге арнаған Мырзатай Жолдасбеков туралы материалдар жинақталған. Туынды ғылыми мақалалар мен эсселерден, сұхбаттардан тұрады. Естеліктердің авторлары тарихшының қайраткерлігін, ұлтжандылығын ерекше атап өтіп, азаматтық болмысын айшықтады. Ал “Дүние, шіркін” атты кітабында Мырзатай Жолдасбекұлы халық көңілінен шыққан әндердің шығу тарихын кеңінен баяндады.


Майра МАҚЫШЕВА,
Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының библиографы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp