«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚЫРМАНҒА ТАРТУ

Еліміздің рухани өмірінде өзінің лайықты орнын алған “Мағжан” әдеби-көркем қоғамдық-саяси журналы оқырман қауымның іздеп жүріп оқитын басылымына айналғаны қуантады. Журналдың әрбір жаңа нөміріне айрықша ықыласпен көңіл аударып, оқып шыққанша тағат таппайтынымыз рас. Ендеше, мазмұнымен, әсем безендірілуімен көңілден шыққан журналдың кезекті санының жарық көргенін оқырмандарға құлаққағыс еткеніміз артық болмас.

Он жылдан бері жарық көріп келе жатқан журнал осы уақыт бедерінде оқырмандарын ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың қилы өмірі, мол мұрасы жайлы тың деректермен қауыштырып келеді. Ақын жырға қосқан елге, жерге, Отанға деген махаббат әр қазақты ұлттық болмыстың өзегін сақтауға үндейді. Қолымызға тиіп отырған жаңа нөмірінің біраз мақалалары, зерттеулері осы айтылғанға анық көз жеткізетіндей. Ғалым, жерлесіміз Серік Негимовтің “Мағжан поэзиясындағы ұлы дала рухы” зерттеу еңбегін тиянақты сараласақ, жаңа көкжиектерге көз тартады.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, “Рухани жаңғыру” өңірлік-жобалау кеңсесінің жетекшісі Жанар Таласпаеваның “Өркенді өзгерістер кезеңі” атты көлемді мақаласында да мол деректер жеткілікті. “Тарих және таным” айдарымен берілген журналдың бас редакторы Жарасбай Сүлейменовтің “Сөзімен ұлтын ұйытқан”, ақын Зейнолла Әкімжановтің “Қызылселеулі қырлар” мақалалары да рухани жаңғыру бағытында атқарылған өркенді істерден өзек тартады. Сонымен қатар журналдың бұл санында берілген жерлес қаламгерлер – Есләм Зікібаевтің, Ермек Қонарбаевтың өлеңдері мен шағын әңгімелері қара сөздің жүйріктеріне деген ақық көңілімізді аспандата түседі. Әріптесіміз, “Soltústіk Qazaqstan” газетінің бас редакторы Ербақыт Амантайұлының руханият жанашыры Қуат Есімхановтан алған сұхбаты да көңіл баурайды.

Журналдың оқырмандар арасындағы беделін өзге өңірлерде тұратын қаламгерлердің басылымға жолдаған шығармалары дәлелдейді. Атап айтсақ, жас ақын Ұмтыл Зарыққанның, жазушы Есболат Айдабосынның туындылары тартымды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp