Біз облыс педагогтерінің біліктіліктерін арттыру барысында мұғалімдерді оқушылармен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдеріне үйретуге көп көңіл бөлеміз. Соның бірі – сындарлы оқыту барысында оқушыларды терең ойлануға, өз идеялары мен әрекеттерін талдауға және оларға баға беруге, ақпаратты жан-жақты іздеп, өздігімен жаңа білім мен түсінік құрастыруға жетелейміз. Бұл оқыту үдерісінде оқушылар өз ойлары мен пікірлерін дәлелдеуге, шешім қабылдауға және қиын мәселелерден шығудың өзіндік жолдарын табуға үйренеді. Сөйтіп, олар басқалармен және өзара тиімді қарым-қатынас жасау сияқты білім, білік, дағды және машықты меңгереді.
Қазіргі Кембридж бағдарламасы идеяларын игеру кезінде ұстаздар жаңаша оқытудың қыр-сырларын өздері іздене отырып тауып, тәжірибелеріне енгізу үстінде. Олар курстарда үйренгендерін іс жүзінде пайдалану арқылы жүзеге асырады, өздерінің келешекте нені ескеруі керектігін айқындайды.
“Өмір бойы білім алу әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс”, – деген Елбасының сөзі, әсіресе, болашақ ұрпақ тәрбиелеп отырған ұстаздар қауымына қатысты. Сондықтан біліктілікті арттыру курстары кезінде мұғалімдерді өткізген әр сабағынан кейін өзінің жұмысына қорытынды жасауға үйретеміз. Онда “Оқушыларым қандай белсенді іс-әрекеттер атқарады?”, “Әр оқушы өз мүмкіншілігін жүзеге асыра алды ма және ол қандай дәрежеде дамыды?” деген сұрақтарға жауап бере отырып, ұстаз өз тәжірибесіне деген сындарлы көзқарасын шыңдай түседі. Сол арқылы ұстаздарды әдетте байқала бермейтін кемшіліктерін анықтауға, сәйкесінше оны шешу жолдарын табуға бағыттаймыз. Яғни, ұстаздың күнделікті жұмысына шығармашылық көзқарасын қалыптастырамыз.
Бағдарлама мазмұнының жеті модулін өз сабақтарында ықпалдастыру арқылы мұғалімдер оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырып, ынталарын оятады, өзара бірлесіп жұмыс істеуге және сыни тұрғыдан ойлануларына, ойын нақты жеткізе білулеріне жол ашады. Оған ұстаздармен пікір алмасу барысында көз жеткізіп келемін. Мәселен, мұғалімдердің көпшілігі сындарлы оқыту негізінде өз тәжірибелерін өзгертуге бейімділіктері артқанын, меңгеретін тақырыпты жан-жақты талдай білуге жағдай туғызу жолдарын игергендіктерін айтады. Сонымен қатар, мұғалімдер осы технология арқылы сыныпта жағымды ахуал қалыптастырып, оқушы тапсырманы қате орындағанның өзінде “дұрыс емес” деп, оның ынтасын түсірмей, еркіндік пен еріктілік бере отырып, жіберген қателігін өзінің табуына және түзетуіне алып келу жолдарын меңгерген.
Сындарлы оқытуда ұстаз басты назарды шәкірттердің қалай және қандай әдіс-тәсілдер арқылы үйренетіндігіне аударады. Мұндағы мақсат – оқушылардың өзара белсенді әрекеттер арқылы білімді өздігінен игеруін, ізденуін, құрастыруын көздей отырып, үйренушілерді бірлесе жұмыс істеуге, танымдылыққа, коммуникативтілікке, әлеуметтік тұрғыдан белсенділікке баулу.
Осының барлығын тиімді жүзеге асыру үшін мұғалімнің өзі жаңашылдыққа бейім, ізденімпаз, көшбасшы, шығармашыл тұлға ретінде өзін шәкірттер алдында дәлелдей білуі тиіс.
Гүлзат ӘЛЖАНОВА,
“Өрлеу” білікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ облыстық педагог қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты деңгейлік бағдарламалар орталығының жаттықтырушысы.