Облыс орталығындағы “Жас өркен” шағынауданында аутизмге шалдыққан балаларды қоғамдық ортаға бейімдеуге арналған “Асыл мирас” орталығы ашылды. Танымал кәсіпкер Болат Өтемұратовтың “Асыл мирас” қайырымдылық қорының қолдауымен әзірленген ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Әлемде 59 баланың біріне аутизм диагнозы қойылады екен. Ал облыста ерекше қажеттілігі бар 4 мыңнан астам бала болса, соның 400-ден астамы аутизмге шалдыққан. Олардың ата-аналары облыс әкімінің биылғы есепті кездесуінде Петропавл қаласында сауықтыру орталығы ашылса деген өтініш білдірген болатын.
Салтанатты шарада өңір басшысы Құмар Ақсақалов ата-аналарды балаларына көмек көрсететін оңалту орталығының ашылуымен құттықтады.
– Игі іске қолдау көрсеткен Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қорына алғыс айтамыз. Орталықтағы педагог мамандар арнайы оқытудан өтіп, балалармен жұмыс істеуге дайындалды. Жыл сайын бұл жерде 500-ге жуық жеткіншекке қажетті ем-дом көрсетіп, оңалту шараларын жүргізуге мүмкіндік бар. Желтоқсан айында қордың қолдауымен барокамера сатып алуды жоспарлап отырмыз, – деді Құмар Іргебайұлы.
Аутизмге шалдыққан балаларды қоғамдық ортаға бейімдеуде үздік әлемдік тәжірибелерді енгізу мақсатында “Асыл мирас” қайырымдылық қоры 2015 жылдан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Өскемен, Орал, Қызылорда және Шымкент қалаларында осындай орталықтарды ашуға мұрындық болды. Қор директоры Марат Айтмағамбетовтың айтуынша, аутист балалармен жұмыс істеуге арналған заманауи, жаңа технологиялармен жабдықталған орталықта барлық қызметтер тегін көрсетіледі. Қайырымдылық қоры осы бағытта АҚШ-тағы “Маркус” аутизм орталығымен, Лос-Анджелестегі Калифорния университетімен ынтымақтастық орнатқан. Шетелдік мамандар еліміздегі педагогтарды оқытып, тәжірибелерімен бөліседі.
Қазіргі таңда балаларын орталыққа жаздырғысы келетін ата-аналардың өтініштері қабылдануда. Мамандар оларды алдын ала жүргізілген диагностиканың нәтижесі бойынша қабылдайды.
Балалары үшін қуанған ата-аналар тілектерін ескеріп, осындай орталықты ұсынып отырған басшылық пен қайырымды жандарға алғыс айтты.