Бәрінен көңілім қап, бәрінен безіп денем,
Өзімнен, өзгелерден сескеніп, сезіктенем.
Көңілімнің күрсінісі көзіме көшіп алып,
…Көшені кезіп келем…
Тарыдай жанарымның шұбыртып тамшыларын,
Сүйретіп сүлдерімді сенделдім, сансырадым.
Кінәға толып кеткен жанымды тербетуге,
Тәңірден тұрқы бөтен, әдемі ән сұрадым.
Оу, жалғыз, Жаратқаным, Жаббарым есімдегі,
Мәңгілік мейіріммен кешірші, кешір мені.
Пейішке жетелейтін пейілім бар еді ғой,
Оны да бұзды білем пенделік шешімдерім.
Ән салдым тебіреніп, тербетті құла түз кеп,
Жұлдыздар жымың қақты көкке бір шығамыз деп.
Тірліктен таса болып аспанда тұрамыз деп,
Тағы да періштемді періге айналдырдым.
Төсінен жұмыр жердің адастым жұмақ іздеп…
Нұргүл ОҚАШЕВА,
республикалық
жыр мүшәйраларының жеңімпазы.