
Солтүстікқазақстандық жастарды “Жас кәсіпкер” жобасыбойынша оқыту басталды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Рақымбек Зейнуллиннің айтуынша, жобаның бірінші кезеңі Петропавл қаласы мен өңіріміздің бес ауданында бастау алды.
– Жоба аясында 355 солтүстікқазақстандықты оқыту жоспарланған. Қазір бірінші кезең аясында Айыртау, Тайынша, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда басталды. Өзінің бизнес-жоспарын әзірлеп, сәтті қорғағандарға мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді. Яғни, жоба барлық талаптарға сай болса, жас кәсіпкерге 500 мың теңгегедейін қайтарымсыз грантберіледі. Бұдан бөлек, жылдық мөлшерлемесі 6 пайызды құрайтын 8 мың АЕК мөлшерінде жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі бар, – дейді Рақымбек Зейнуллин.
Облыс орталығында жобаға 100 петропавлдық қызығушылық танытқан. Алайда, оның 70-іне ғана бірінші кезеңде оқу мүмкіндігіне ие болды. Тестілеуден сүрінбей өткен жастар 15 күн бойы кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығатын болады. Сондай-ақ, жоба қатысушыларына 15 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Бүгіндері жастарға жоба жаттықтырушысы Дмитрий Шледевиц дәріс беруде. Сондай-ақ, психолог Анастасия Швец дәріс алушылардың әрқайсысымен сөйлесіп, Маслоу пирамидасы және тағы басқа әдістердің көмегімен бейімділіктерін анықтауда.
Палата сарапшыларының айтуынша, жобаның екінші кезеңіне оқуға қабылдау үшін тестілеу 13-14 тамыз күндері өтеді. Бұл – бірінші кезеңге ілікпеген жастарға арналған оңтайлы мүмкіндік. Жалпы жыл соңына дейін “Жас кәсіпкер” бағдарламасы аясында 600 солтүстікқазақстандықты оқыту жоспарланып отыр.