
Осыдан бес жыл бұрын Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін бітіріп, Мамлют ауданына қарасты Краснознаменное ауылына келген едім. Аталмыш елді мекендегі орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып жұмыс істей жүріп, айналамдағы адамдармен етене араласа алмай, адасқан аққудай күй кешкенім де жасырын емес. Ара-тұра Қызылжар қаласына жол түскенде шаһардың қалың көшелерінде кездескен қаракөз қандастарымды көріп, төбем көкке жеткендей қуанышты күй кешетінмін. “Мен де қызылордалықпын немесе күнгейден келгенмін” деген жылы жүзді жанды кездестіргенде бір анадан туған бауырымды көргендей танысуға асығып тұрушы едім.
Араға аз да, көп те емес бес жыл салған сол уақыттағы жағдайды бүгінмен салыстыруға әсте келмейді. Өйткені, кезінде солақай саясаттың салқыны тиіп, тілінен де, дінінен де айырыла жаздаған қазақ ұлтының санынан өзге этностары басым солтүстіктің әр бұрышынан, әр түкпірінен ұлттық дәстүрге адал, сертке берік ұл-қыздардың жарқын-жарқын дауыстарын еститін болып жүрміз. Қалың қазақты бір қуантқан, оңтүстік қарлығаштарының өңірімізге келуіне жағдай жасаған, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған “Мәңгілік Ел жастары – индустрияға” мемлекеттік бағдарламасы аясындағы “Серпін” әлеуметтік жобасы еді. Осымен екінші рет жүзеге асырылып отырған аталмыш жобаның көздеген мақсаты – кадр тапшылығы мәселесін шешу. Еліміздегі Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында жұмыс күші артық, дегенмен, жұмыс орындары тапшы. Бұл жағдай солтүстік облыстарда, оның ішінде біздің өңірімізде керісінше. Мәселенің оңтайлы шешілуіне септескен бағдарлама осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Соған сәйкес өткен жылы өңірімізге күнгейдің 200 өрені келіп, олардың 150-і М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түссе, ал 50-і Петропавл темір жол көлігі колледжіне оқуға қабылданды. Биылғы оқу жылында бұл санның еселенуі “илегеніміз бір терінің пұшпағы” дейтін ниеттілестердің мәртебесін тағы бір асырғандай болды.
Арнайы бағдарламаның білім грантын жеңіп алған 450 өрен қасымызға қосылып, қатарымызды толықтырды. Жүрегімізді жылытқан жағымды жаңалықты ести сала тілегі бір тілеулестерімді көруге университетке қарай асыққаным рас. Екінші оқу ғимаратының ішінде ұшырасқан қазақтілді жастарға қарап: “Сіздер “Серпін” бағдарламасымен келдіңіздер ме?” – деп сауал жолдап қоямын. Бұл, бәлкім, еліме, жеріме, ана тіліме деген бойымдағы шексіз махаббаттың қалыпқа, ешбір заңдылыққа бағын-баған көрінісі болар?
Университет ректорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айнагүл Мұхаметжанова да айтулы хабарды қуанышпен жеткізді. Осыдан бес-алты жыл бұрын он мыңнан астам студентті білім нәрімен сусындатқан, соңғы бір-екі жылда солардың қалың қатары түрлі себептермен үш-төрт мыңға дейін кеміп кеткен оқу орны үшін бұл көктен түскен олжадай.
– Оңтүстіктен білім қуып келген талапкерлердің барлығы жатақханамен қамтамасыз етілді. Өзге өңірде, басқа ортада өскен өрендердің біздің өлкемізді жатсынбауы, жатырқамауы үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Түлектердің барлығы Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, өздері қалаған мамандықтары бойынша оқуын жалғастыруда. 150 өрен – педагогикалық бағытта, соншасы техникалық мамандықтар бойынша білім алуда. Ай сайын 17 мың теңгеге жетер-жетпес шәкіртақы алады, – деген Айнагүл Тастемірқызы талапкерлердің жайлы орында, сапалы білім алуларына университет оқытушыларының барлығы дерлік жұмылдырылғандығын да тілге тиек етті.
Қақаған қаңтарының өзі адамды әбігерге салмай, қалыпты өтетін оңтүстіктің қыз-жігіттерінің бойынан жатырқаушылықты байқамадық. “Сәл салқындау екен”, “Ауа райының қолайсыздығы сезіледі” деген кейіп танытқандары болмаса, біз кездесіп, әңгімелескендердің барлығы самсаған жасыл орманымызға таңданыс білдірді.
Жобаның игілігіне қол жеткізгендердің бірі – Қызылорда облысындағы Арал ауданының жанындағы Қарақұм атты қарапайым құмды ауылдан келген Зарина Тағыбергенова. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 80 ұпай жинаған оның ойында алғашқы уақытта грантқа түсе алмаймын-ау деген күмән болыпты. Күдігін “Серпін” бағдарламасы сейілткенін айтқан ол бүгінде М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті “Көлік, көлік техникасы және технологиялары” мамандығының бірінші курсында оқиды.
– Көлік жасау саласында жұмыс істеу бала күнгі арманым болатын. Алайда, Сыр елінде көздеген мақсатқа қанат сермеп, білім грантын жеңіп алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, жыл сайын бөлінетін орын аз, үміткер көп болады. Аталмыш бағдарлама жайлы ести салысымен құжаттарымды тапсырып жатып, “Серпінге” деген сөзді қоса жаздым. Осылайша жеңімпаз атандым. Петропавл топырағына табаным тиген бойда ызғарды, суықтықты сезіндім. Алайда, ұлағатты ұстаздарымның, курстастарымның жылы сөзі, мейірімі мені жақынымдай баурап алды, – деді Зарина.
Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданындағы Алғабас ауылынан келген Айбек Есентайұлы да марғасқа Мағжанды, көркем тілді, кестелі ойлы Ғабит пен Сәбитті өмірге әкелген қасиетті Қызылжарға келгеніне дән риза. Оны ең алғаш біздің өлкенің адамдары емес, сұлу табиғаты таңғалдырыпты. “Бұрын аяқ басып көрмеген жердің адамдарының көбі біздің өзге өңірден келгенімізді біліп, ілтипат танытып, жол көрсетіп жатады. Тіпті, діттеген жерімізге дейін апарып тастайтындар да кездесті. Орыс тілінен сәл қиналып жүрміз. Дегенмен, көп ұзамай үйренетінімізге сенімдімін. Бізден бір жыл бұрын келгендер сайрап жүр”, – деген Айбек оқуын тамамдаған соң Петропавлдағы өндіріс орындарының бірінде жұмысқа орналасу ойын да жасырмады. “Бұл менің анық мақсатым және оның орындалуына күш жұмсаймын” деп айтқан ойын тағы бір қуаттап қойды.
ТҮЙІН: Іске ширақ, сөзге жүйрік қазақтың ұл-қыздарының болашақта өмірдің сан саласында тұлға танытатынына қатты қуандым.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.