
Өткен жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы арасында екіжақты меморандумға қол қойылған. Меморандум аясында облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi орталыққа бірқатар міндеттер жүктелген болатын.
Орталықтың бас дәрігері Айман Сыздықова қазір ЖИТС-пен күрес және аурудың алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, өңір тұрғындары мен жасөспірімдер арасында адамның иммун тапшылығы вирусының таралуына шектеу қою мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды.
– Біздің мамандарымыз ауқымды міндетті орындауға барынша атсалысты. Соның нәтижесінде 2019 жылы өңірімізде 15-49 жас аралығындағы топта АИТВ инфекциясының таралуын 0,44 пайыз деңгейінде ұстап қалдық, – деді бас дәрігер Айман Сыздықова. Ол өткен жылы басқа да оң көрсеткіштерге қол жеткізгендерін тілге тиек етті. Мәселен, солтүстік өңірде АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 78 пайызын антиретровирустық терапиямен қамту қажет болған. Орталық мамандары бұл көрсеткішті артығымен орындады. Бүгінгі таңда 882 адам антиретровирустық терапиямен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар аталмыш орталық АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алуға ерекше көңіл бөледі. 2019 жылы АИТВ жұқтырған жүкті әйелдердің барлығы алдын алу шараларымен қамтамасыз етілді. Анасынан ауру жұқтырып, иммун тапшылығы вирусымен дүниеге келген балаларға да қажетті ем-дом шаралары жүргізілді.
Александра КОНДРАТОВА,
облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi орталықтың баспасөз хатшысы.
Сурет https://ppt-online.org/ сайтынан алынды.