«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҢ СЕРПІН, ӨРКЕНДІ ӨЗГЕРІСТЕР

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы сөз болды.

Ерік Сұлтанов республиканың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін Солтүстік Қазақстан облысының 2015 жылғы даму көрсеткіштерімен таныстырып, қол жеткен табыстарды ортаға салып, сондай-ақ, сыртқы экономикалық факторлардың әсерінен туындаған проблемаларға да тоқталды.

Өткен жылы жалпы өңірлік өнім 856 миллиард теңгені құраған. Ал облыс бюджеті 100 пайызға орындалып, жергілікті бюджетке кіріс көлемі 31,9 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіштерді өткен жылмен салыстырсақ, 118 пайыздық өсімді байқаймыз. Облыс әкімінің айтуынша, өткен жылы бюджеттің тиімділігін арттыру үшін шығыс оңтайландырылып, 3,5 миллиард теңге қаржы әлеуметтік саланың, тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарының құрылысын аяқтауға бағытталыпты.  

– 2015 жылы облыс экономикасына 128,4 пайыздық өсіммен 154,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жыл қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы инвестиция өсімі қарқыны бойынша республика өңірлері арасында бірінші болып отыр. Серіктестерімізбен өзара іс-қимылдың арқасында шетелдік инвестицияның өсімін 60 пайызға жеткіздік, –деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Сондай-ақ, өңір басшысы ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларының дамуы жайлы баяндады. Облыс өнеркәсіп саласының жетекші бағыттарының бірі – машинажасау өнеркәсіп өндірісінің жалпы өнімінің 18 пайызын құрайды.

–Петропавл ауыр машина жасау зауыты “Теңізшевройл” секілді ірі компанияның тапсырысын орындады. Сонымен қатар биылғы жылға жапондық “Марубен корпорейшн” компаниясымен және ресейлік “Уралмаш Холдинг” кәсіпорнымен келісімшарт жасалды. ЗИКСТО зауытында өндірістің төрт есеге артқандығы атап көрсетілді. Үкіметтің қолдауымен ұлттық компаниялардың жергілікті тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімдерді жасау жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта шарттар бойынша 81 миллиард теңгегенің шаралары атқарылуда. Бұл кәсіпорынның өндірістік қуатының 80 пайызын құрайды. Сондай-ақ, 23 миллиард теңгенің келісімшарты жасалған, – деп атап өтті Ерік Сұлтанов.

Жүзеге асырылған жұмыстардың арқасында машинажасау өндірісінің көлемі өсіп, 18,4 пайызды құрады.

Брифинг барысында өңір басшысы денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және басқа да салалар бойынша қол жеткізілген жетістіктерді атап өтті.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов сөзін қорытындылағаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарды қоюға мүмкіндік алды. Олардың арасында ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдау, алдағы су тасқынына өңірдің әзірлігі, қазіргі экономикалық жағдайда жұмыс орындарының сақталуы, нысандарды жекешелендіруге қатысты сұрақтар да болды. Мәселен, СТВ арнасының өкілі Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін шекарада тұрған Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері экономикадағы орнын қаншалықты сақтай алуда деп сұрады.

– 2014 жылдың қазанында Ресейде рубль құлдырады. Бұл, әрине, біздің нарығымызға айтарлықтай қысым көрсеткен болатын. Біздің кәсіпкерлеріміз бұған дайын болды, бағаны төмендетіп, жағдайды сақтап қалдық. Сүт өндірісін –6,5, жұмыртқа өндірісін–11 пайызға арттырдық. Бұл біздің бәсекеге қабілетті екендігімізді көрсетеді. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысы нарығының 80 пайызы қазақстандық азық-түлікпен қамтылған. Бұған қоса, инфляциялық таргеттеуден кейін біз Ресей нарығына шыға бастадық. Біз құрғақ таңғы ас шығаратын зауыт аштық. Бұл зауыттың да болашағы зор. Меніңше, бұл зауыт өз өнімдерінің кемінде 50 пайызын Ресей аумағына шығаратын болады. Кедендік шекараны ашқанымыз, Еуразиялық экономикалық одаққа енуіміз бізге нақты мүмкіндіктер береді. Алайда, бюрократиялық кедергілер әлі де бар және оларды көршілерімізбен, губернаторлармен бірлесе отырып шешу қажет, – деп жауап берді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Брифинг барысында облыс әкіміне 30 шақты сұрақ қойылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp