“Қазақстан Республикасындағы кәсіби және басқа да мерекелер туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы №3827 Жарлығына сәйкес 30 қыркүйек Әділет органдары қызметкерлерінің күні болып белгіленді.
Құрылған күнінен бастап отандық әділет басқармасы азамат және Ұлы Отан соғыстары, күйреу, халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарын өткеріп, қиын жолдан өтті.
Әділет органдарының құрылуы кеңестік кезеңнен басталады. 1920 жылдың 26 тамызында республикамыз құрылды, оның істерін басқару үшін халық комиссариаттары құрылды, солардың арасында екіншісі Әділет халық комиссариаты болды.
1939 жылы 25 қазанда Халық Комиссарлар Кеңесі жаңа Әділет халық комиссариаты туралы ереже қабылдады. Комиссариаттың құрамында сот мекемелері, кадр, оқу орны басқармалары, кодификациялық, жұмылдыру, нотариаттық, ұйымдастыру, құпия-шифрлау, жоспарлы-қаржы бөлімдері, адвокатура бөлімі, бақылау-инспекторлық топтар, хатшылық, мұрағат, заң баспасы қызмет етті.
1946 жылы Жоғарғы сот төралқасының Жарлығына және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің IX сессиясында қабылданған заңға сәйкес Халық Комиссарлары Кеңесі Қазақ КСР Министрлер Кеңесі болып өзгертілді. Сол уақыттан бастап Әділет Халық Комиссариаты Қазақ КСР Әділет министрлігі деп аталатын болды. Әділет министрлігі сол кезде сот және нотариат, құқықтық насихат және халық шаруашылығында құқықтық жұмысқа әдістемелік басшылық жасауды ұйымдастыруға жетекшілік жасаумен айналысты. Әділет органдары заңнамалық актілердің жобасын дайындауда, заңнаманы жүйелеуде, заңдар жинағын әзірлеуде және шығаруда қиын міндеттерді шешті.
Кейінірек өңірлік деңгейде сот жұмыстарын ұйымдастыру қызметін жүзеге асыратын әділет бөлімдері құрылды. Солтүстік Қазақстан облысында осындай бөлім 1971 жылдың қаңтарында Солтүстік Қазақстан облыстық еңбекшілер депутаттары атқару комитетінің жанынан өз қызметін бастады, оның бірінші басшысы Мағзұм Әлжанов болды. 1988 жылдың тамызында облыстық атқару комитетінің шешімімен біздің облысымыздың әділет бөлімі жабылды және оның негізінде облыстық әділет басқармасы құрылды, Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің АХАЖ бөлімінің қызметі оның қарамағына ауыстырылды, ол кездері облыс аудандарында АХАЖ бөлімдері өз қызметтерін жалғастырды.
1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміздің Тәуелсіздік алуы Әділет министрлігі қызметінің жаңа кезеңін ашты.
Тәуелсіздік қабылданғаннан бастап Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет құрудың, сонымен қатар мақсаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету болып табылатын азаматтық қоғам дамуының қағидаттары мен негіздері түбегейлі өзгерді.
Елеулі өзгерістер әділет жүйесінде де болды. 1993 жылдан бастап әділет органдарына азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделеріне қатысты және жалпыға міндетті маңызы бар ведомстволық нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу институтын енгізуге байланысты нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу қызметтері жүктелді. 1995 жылдан бастап әділет органдары заңды тұлғаларды, филиалдар мен өкілдіктерді тіркеуге кірісті.
“Аудандық әділет бөлімдерін (басқармаларын) құру туралы” Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2004 жылғы №47 бұйрығына сәйкес облыс өңірлеріндегі аудандық және қалалық әділет бөлімдерінің негізінде әділет басқармалары құрылды, ал облыстың әділет басқармасы әділет департаменті болып өзгертілді.
2004 жылы “Құжаттау және жеке куәліктер мен төлқұжаттар беру қызметін табыстау бойынша ведомствоаралық комиссия құру туралы” Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі мен Әділет министрінің бірлескен бұйрығына сәйкес азаматтарды құжаттау қызметі ҚР ІІМ-нен ҚР ӘМ қарамағына берілді.
2005 жылғы 18 ақпандағы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында 2007 жылғы 5 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес халыққа қолайлы болуы үшін және “бір терезе” қағидаты бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастыру үшін қазіргі уақытта ҚР Әділет министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдары болып табылмайтын мемлекеттік мекемелер – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің халыққа қызмет көрсету орталықтары құрылды.
2007 жылы жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу жүйесін түбегейлі реформалау жүргізілді, “жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеудің кейбір мәселелері және олармен мәміле туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданды, соған сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу бойынша қызметтер және жылжымайтын мүлікке тіркелген құқық туралы ақпараттық қызметтерді ұсыну аумақтық әділет органдарына табысталды.
Осылайша бүгінгі күні Қазақстан Республикасының әділет органдарына нормативтік-құқықтық актілерді тіркеуге, заңды тұлғаларды, жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеуге, зияткерлік меншік құқығын қорғауға, азаматтық хал актілерін тіркеу және апостильдеу бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға, құқықтық түсіндіру жұмысын және халыққа заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыруға қатысты маңызды мемлекеттік тапсырмалардың кең тобын жүзеге асыру жүктелген.
Өткен бірнеше онжылдықтар ішінде Қазақстанның әділет органдары елде болған тарихи оқиғаларға куә болды әрі қоғамның саяси, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық өмірін өзгертуге сүбелі үлес қосты.
Ернар СЕЙДІМБЕК,
облыстық әділет департаментінің
басшысы.