«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

Білім саласы қызметкерлерін қашанда әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту мәселесі толғандырады. Әсіресе, бүгінгі таңдағы әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз етуде, мемлекетіміздің әлемдік нарықтағы және экономикалық қауымдастықтағы ұстанымын нығайтуда білім беру жүйесінің маңызы арта түсті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларында білім мен ғылымды дамытуға баса назар аударылып келеді. “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында да апатты жағдайлардағы мектептерді қалпына келтіруге, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемелерін салуға, жоғары және орта арнаулы оқу орындарын жаңғыртуға, олардың материалдық-техникалық базаларын дамытуға қомақты қаражат бөліп, осы сала қызметкерлерін бір серпілтіп тастады.  

Бұл құрғақ сөз емес екендігін соңғы бес-алты жыл ішінде айқын аңғарып келеміз. Біздің Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылындағы агротехникалық колледжде осы жылдар аралығында көптеген оң өзгерістер болып, материалдық-техникалық базамыз нығайтылды. Шеттен келген оқушылардың тұруына лайықталған 80 орындық жатақхана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, ондағы оқу залы, медициналық пункт, өзін-өзі тану кабинеті, аспаздық іс зертханасы, шаштараз кабинеттерінің барлығы осызаманғы талаптарға толық сай қайта жабдықталғаны – осының айғағы.

Колледжде арнайы және жалпы білім беретін пәндер бойынша жабдықталған оқу кабинеттері, автокөлік, трактор шеберханасы, кулинарлық зертханалар, дәнекерлеу цехы, слесарьлық кабинет, спорт залы, асхана, автодром бар. Сонымен қатар, барлық компьютерлері интернетке қосылған информатика кабинетінде оқушылардың жұмыс істеуіне толық жағдай жасалған. Оқу орнындағы “МТЗ-80”, “МТЗ-82”, “К-700А”, “ДТ-75М”, “Енисей” комбайндары мен “ГАЗ-53”, “ГАЗ-3507”, “ЛАДА-21074”, “ММЗ-4502” техникалары оқушылардың алған білімдерін тәжірибеде қолдануына, яғни өндірістік оқытуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы техникаларын: комбайн, “МТЗ-80” тракторын, тұқым сепкіштер және қосымша информатика кабинеті мен дәнекерлеу аппараттарын алуға республикалық бюджеттен тағы да 25 млн. теңге қаражат бөлінді.

Бүгінгі таңда кәсіптік білім берудің мазмұнын жаңарту және кадрларды даярлаудың сапасын еңбек нарығының сұранысына сай арттыру – осы сала ұйымдарының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында аталып өтілген кең көлемдегі құрылыс жобалары экономикалық тиімділікпен қатар, біздің колледж студенттері мен түлектерінің жұмыспен қамтамасыз етілуіне жол ашпақ. “Жас келсе – іске!” дегендей, жастар қайтпас қайрат пен қажырлылыққа ие. Оларға жол ашу – біздің міндетіміз. Осыған орай колледж қазіргі заман сұранысына сай бірнеше бағытта кадрлар даярлауда. Атап айтар болсақ, фермерлік шаруашылыққа қажетті тракторшыларды, автокөлік жүргізушілерін, аспаздарды, электр-газбен дәнекерлеуші мамандарды оқытамыз. Білім ошағында оқитындар орта біліммен қатар кәсіби мамандық алады. Бүгінде колледждегі сегіз топта екі жүзге жуық студент ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтарды меңгеруде. Колледждегі оқыту мен тәрбие беру жұмысын 25 педагог атқару үстінде. Олардың жиырмасы жоғары білімді болса, бесеуінің орта арнаулы білімі бар.

Кәсіптік білім беруді дамыту мен сұранысқа ие кадрларды даярлау мәселесіне жұмыс берушілерді барынша тарту да – маңызды бағыттардың бірі. Әлеуметтік серіктестік түлектерді жұмысқа орналастыруда ғана емес, сонымен қатар олардың тәжірибеден өту үдерісінде де жүзеге асырылады. Бұл оқушылардың өндірістегі жаңа технологиялармен, жабдықтармен танысуларына, кадрларды кәсіби даярлауда жоғары сапаға қол жеткізуге мол мүмкіндік береді. Бүгінде жеке кәсіпкер “Н.П.Головешкина”, “Константиновка – 2004”, “Журавка”, “Айыртау-Әліби”, “Ғасыр-Айыртау” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен колледж әкімшілігі арасында ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойылған.

Болашақ мамандардың еңбекке араласулары, олардың өз беттерімен кәсіби қалыптасулары мен бағыттарын айқындаулары, жұмысқа деген қызығушылықтарының оянуы, ең алдымен, тәжірибеден өту кезінде қалыптасады. Өндірістік тәжірибеден өту мемлекеттік жалпы білім беру стандартына, оқу бағдарламалары мен тәжірибеден өту кестесіне сай жүргізіледі. Өткен оқу жылында электрмен және газбен дәнекерлеушілер, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы- машинистері, аспаздар өндірістік тәжірибеден өтті. Олар теориялық алған білімдерін жоғарыда аталған әлеуметтік серіктестіктерде тәжірибе жүзінде іске асырды.

Қазіргі күні оқушылардың біліктіліктерін арттыру мақсатында оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері өздерінің сынақтары мен сабақтарын шынайы жұмыс орындарында өткізуге тырысады. Алайда, өндірістік тәжірибеден өту кезінде бірқатар мәселелер де туындап жатады. Өйткені, жұмыс орнының шектеулі болуына, жұмысшылар тұратын жатақхананың жоқтығына байланысты тұтастай бір топты жалғыз агроқұрылымның қабылдауына мүмкіндігі жоқ. Сондықтан оқушылардың көпшілігі тәжірибеден өздерінің тұрғылықты жеріндегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде өтеді. Бұл оқушыларды бақылауға, оларға кәсіби тұрғыда көмек көрсетуге кедергі келтіреді. Сонымен қатар, шаруашылық басшыларының барлығы бірдей жаңа техниканы тәжірибесіз оқушыларға сеніп бере бермеуі, еңбекақының төмендігі, пәтердің жоқтығы түлектердің жұмыспен қамтамасыз етілуіне кедергі келтіретіні де жасырын емес.

Біздің колледжде электр-газбен дәнекерлеушілер және ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинистері мамандықтары бойынша оқушылар кәсіптік даярлық деңгейін бағалаудан өтті. Онда электр-газбен дәнекерлеушілер мамандығын меңгергендер өздерінің теориялық және тәжірибелік біліктіліктерін өте жақсы деңгейде көрсетіп, 100 пайыздық көрсеткішке жетті.

Білім ошағында оқушылардың пәнге және кәсібіне деген танымдық қызығушылықтарын кеңейтуге, ой-өрісі мен біліктілік деңгейлерін арттыруға бағытталған сайыстар тәжірибелік және теориялық білімді ұштастыра отырып ұйымдастырылады. Аталмыш сайыстар оқушылардың арасындағы жарыс түрінде өткізілгенімен, танымдық, білімдік жағына баса назар аударылады. “Тәрбие мен оқу егіз” дегендей, педагогтер біздің басты байлығымыз еліміздегі келісім мен тыныштық екенін оқу-тәрбие үдерісінде әр студенттің санасына жеткізуге тырысады. Қазақстан халқы тілдері күніне, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерге, фермерлік шаруашылық мамандықтарына арналған апталықтар мен саламатты өмір салтын, әскери-патриоттық тәрбиені насихаттауға бағытталған айлықтар түрлі формада ұсынылып, оқушылардың кәсіби, пәндік және танымдық өрісін кеңейтті.

Осылайша оқушымыз Виктория Осипова “Мен – Қазақстан Республикасының азаматымын!” атты облыстық шығармалар сайысында үшінші орынды иеленді. Облыстық “Жасыл планета” экологиялық сайысында колледждің “Аквалюбы” командасы “Туған өлкенің білгірлері” аталымы бойынша марапатқа ие болды. Педагогтеріміздің жетекшілік етуімен туған өлкені зерттеуге арналған шараларға оқушыларымызды қатыстыра отырып, олардың бойында қазақстандық патриотизмді, азаматтық ұстанымды қалыптастыруға атсалысудамыз.

Жас өркеннің оқып, білім алуына мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Елбасының “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауы біздің креативті жастарымыздың барынша қанат жайып, өздерін паш етуге аянбай күш салуына айқын бағытты нұсқап берді. Ендеше Жолдауды ой таразысынан өткізген әр адам ондағы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында алға қойылған міндеттер мен бағдарламалардың жүзеге асуына өз саласында үлесін қосуға тиіс.

Серік МУСИН,

Саумалкөл ауылындағы

агротехникалық колледж директоры.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp