Бақыт, күлкі, шуақ сыйлап бәріне,
Бүлдіршінге, жастарға да, кәріге.
Көк тіреген күмбездердей шыршалар,
Сән қосуда көшелердің сәніне.
Аяз ата жаудырғанда ақ тілек,
Барша жұртқа баяны мол бақ тілеп.
Жүрегімді бір өкініш қариды,
Көңілімде тұншығардай жақсы леп.
Өр, рухты жастарымның санасын,
Бос үміттер, қалай жаулап аласың?
Барша қазақ күтемін деп ақ шалды,
Ұмытпасын ұлы Қыдыр бабасын.
Алақайлап мәз болысты сәби де,
Қуаныштың төресі ол әр үйде.
Шарап ішіп, шаттанғандар азайып,
Шүкіршілік айтса игі фәниге.
О, Жаңа жыл – жаңа бақыт, жаңа күн,
Құтты болсын аттаған ақ қадамың!
Ескі жылды есіркейміз біз енді,
Даңғылына түсіп алып жаңаның …