Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясында және “Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы” тұжырымдамасында мемлекеттік қызмет жүйесін дамытуға және оны жетілдіруге ерекше назар аударылады. Біздің еліміздің әлемдегі отыз озық елдің қатарына енуіне, әрбір қазақстандықтың лайықты өмір сүруін қалыптастыруға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру осы мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігіне байланысты. Осы міндетті орындау үшін заңнамалық базаны жақсы білу, шынайы адалдық пен бай кәсіби тәжірибе қажет. Ондай мамандар өңірімізде аз емес.
Солардың бірі – облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің байырғы қызметкері, төтенше жағдайларды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау басқармасының бас маманы Павел Белоконьның жұмыс өтілі 42 жылға жетіп отыр. Оның өмірбаяны жемісті еңбек жолының жарқын мысалы бола алады. Жеке қабілеті мен жаңа білімді ұдайы игеруі және табанды түрде еңбек етуі Есіл ауданындағы Спасовка ауылының өрімдей ұлын нағыз кәсіби маман етті. Павел Павловичтің еңбек кітапшасында жұмыс орны туралы жазбасы да жетерлік: ол тракторшы да, бригадир де, бас инженер де, механик те, шебер де, сарбаз да болып, өмірінің ширек ғасырын өндіріс саласындағы еңбекке сарп еткен.
Ол 2006 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің төтенше жағдайлар саласын мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасына жұмысқа алынды.
Әріптестері “Пал Палыч” деп құрметпен атайтын Белоконьды жұмыс орнынан табу қиын. Өйткені, ол әрдайым қозғалыста, бір орында отыра бермейді. Оны облыстағы ондаған нысандардың басшылары мен мамандары жақсы біледі. Бас маман Белоконь өзінің күнделікті жұмысын бұзушылықтарды анықтап, оны тиімді жою жолдарын көрсету, кәсіби кеңес беру, жас мамандарға тәлімгерлік етумен ғана шектемейді. Ол өндірісті “іштен” тани алатын білімімен, жоғары құзыреттілігімен, қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі адалдығымен және табандылығымен, ұжымда тіл табыса алатындығымен ерекшеленеді. Онсыз бірде-бір сенбілік өтпейді, өйткені ол бала күнінен жұмысқа үйренген.
Басқарманың бас маманының адал еңбегі лайықты бағаланып жүр. Павел Белоконь ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” ведомстволық наградасымен, “Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін” төсбелгісімен, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің және СҚО Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2013 жылы Павел Павлович облыстың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласының үздік инспекторы атанды. 2014 жылғы 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні Павель Белоконь СҚО ТЖД-нің Құрмет грамотасын алды. Ол: “Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы” тұжырымдамасында еліміздің әлеуметтік жаңғыртылуы процесіндегі мемлекеттік қызметтің рөлі мен мәнін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысының осы бағдарламалық құжаттағы мақсатқа жету үшін табанды еңбек ету қажеттігі туралы сөздері маған жақын. Оған мен әрбір мемлекеттік қызметшіні, әрбір қазақстандықты шақырамын. Біз өз болашағымызды бірге, бірлесіп жасауымыз керек. Бұл – біздің жол!” – деп ағынан жарылды. Айтса, айтқандай. Бұл – өз ісіне шын ниетімен берілген жанның жүрекжарды сөзі. Оны біздің әріптесіміз күнделікті еңбегімен-ақ дәлелдеп жүр.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметінің бас маманы.