«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ БІРДЕЙ БОЛЫП ТҰР…

Өткен жылғы қараша айынан бері солтүстікқазақстандық тұтынушылар мен тауар өндірушілер Ресей рублі бағамының долларға шаққанда құлдырауына байланысты қызық пен шыжықты бастарынан кешуде, былайша айтқанда, пайдасын көріп жатқандар да бар, зиян шегушілер де жоқ емес.

Ресей Федерациясымен көршілес облыстардың тұрғындары, олардың ішінде біздің жерлестеріміз де бар, өткен жылғы қараша айынан бері Омбы, Қорған, Түмен қалаларына барып, бағасы арзан әрі судай жаңа немесе бір-екі жыл ғана пайдаланылған шетелдік автокөліктерді қарызданып-қауғаланып сатып әкелуде. Олар жаңа жылға дейін екі мәрте қосымша құн салығын (ҚҚС) төлейтіндіктеріне (Ресейде және өзіміздің облыста) де қарап жатқан жоқ.  

Солтүстікқазақстандықтар жақын шетелден автокөліктер ғана емес, тұрмыстық тауарларды, үй құрылысына қажетті материалдарды да тасуда. Тіпті, Омбыдан автокөліктердің артқы жүксалғыштарын “су тегін” ыдыс-аяққа, кілем-алашаға толтырып, сыймағанын өздерінің алдына өңгеріп оралған жерлестеріміз қаншама?!

Мен жақсы танитын Дамир есімді жігіт жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Меншігінде жеке “ГАЗель” автокөлігі бар. Өз үйінің жанынан еңселі жаңа баспана тұрғызып жатқан іскер азамат таяуда Омбы қаласына сапарлап қайтыпты.

– Ол жақта үй құрылысына қажетті материалдар біздің теңгеге шаққанда кемінде екі-үш есе арзан екен. Соңғы рет барған сапарымда салып жатқан жаңа үйге темір есік әкелдім. Оның Омбы қаласындағы бағасы – біздің валютаға айналдырғанда 15 мың теңге ғана.

Қарап жүріп таңдағаныңды аласың. Біздегі сауда орындарында олардың ең арзаны 40 мың теңге тұрады. Бірден 2 темір есік алуға да болады, онда олардың әрқайсысына 12 мың теңгеден ғана төлейсің. Басқа тауарлардың бәсі де сондай, – дейді сауда-саттықтың қыр-сырын бес саусағындай жетік білетін жеке кәсіпкер.

Бұл – солтүстікқазақстандық тұтынушылар үшін Ресей рублі құнсыздануының “пайдалы” жағы.

“Медальдің екі жағы бар” деген сияқты, осынау үрдістің келеңсіз, зиянды жағын да жоққа шығаруға болмайды. Оны Кеден одағы құрылғаннан бері облысымыздың сауда орындарында Ресей мен Беларусьтің сан түрлі тауарларының қаптап кеткендігінен де, сапа отандық тауарлардан төмен болмаса да, арзан бағамен сатылып жатқандығынан да байқап жүрміз.

Соған орай 20 жылдан астам уақыттан бері ет өнімдерін ұқсатумен айналысып келе жатқан “Фрегат” ЖШС-нің директоры, “Қазақстанның үздік тауары”, “Алтын сапа” өңірлік және республикалық байқауларының байқау-жәрмеңкелері мен көрмелерінің бірнеше рет жүлдегері атанған кәсіпорынның басшысы Асқар Қапезовтің ойын білмек болып, телефон арқылы хабарласқан едім.

– Ресей рублінің қазіргі жағдайы біз сияқты жеке кәсіпкерлерге, орта және шағын бизнес өкілдеріне жанға батарлықтай теріс әсер етуде. Біздің теңгеміз әлі де АҚШ долларына тәуелді. Рубльдің ахуалы да сондай. Оның қандай әсері бар екендігін өзімізге қатысты бір мысал арқылы ғана айтып өтейін. Біздің “Докторский” шұжығымыздың 1 килограмы нарықта 950-1000 теңгеден сатылып келеді. Ресейдің дәл сондай өнімі 216 рубль маңайында. Рубль мен теңгенің бұрынғы 1-4,8 бағамы бойынша екі өнімнің бағасы шамалас. Қазір тікелей кәсіпорыннан немесе делдал арқылы Ресейдің көрші облыстарынан жеткізіліп жүрген, сөйтіп сауда орындарын біртіндеп “жаулап” ала бастаған сол шұжық облыс аумағында қазіргі рубль бағамына сәйкес 600-650-теңгеден сатылуда. Ресейдегі оның бағасы өзгерген жоқ, сол баяғы 216 рубль күйінде. Біздің сауда орындарымызда саудаланып жатқан шетелдік шұжықтар бағасының екі есеге жақын “арзандауына” рубль бағамының теңгеге шаққанда 3 теңгеден де төмен құлдырауы “пайдасын” тигізіп отыр. Сөйтіп, импорттық тауарлар қолжетімділігімен біздің өнімімізді ығыстыра бастады. Біз тауарымызды өзіндік құнынан төменге арзандата алмаймыз ғой. Сондықтан шығаратын өнімдеріміздің көлемін азайтуға тура келіп тұр. Кейбіреулердің осындай қыспаққа түскен отандық тауар өндірушілерді қалыптасқан жағдайдан бізді 1 қаңтардан бастап күшіне енген Еуразиялық одақтың ортақ валютасы ғана құтқарады деп жатқандары да сондықтан болар. Қалай десек те, рубльдің құнсыздануы өз тауарларымен күн көріп отырған қазақстандық кәсіпкерлерге қолайлы болып тұрған жоқ, – деді Асқар Еркінұлы.

Осынау кәсіпорынға көршілес орналасқан “Петропавл-кондитер” ЖШС “Ассорти” тауарлық белгісімен бір айда 70 тоннадай кондитерлік өнімдер шығарады. Оның 10 пайызын Ресейдің Түмен облысына және Моңғолияға экспорттап келген кәсіпорынның басшылары тауарларын шекара асыруды әзірше мүлдем тоқтатыпты. Оған да рубльдің қазіргі бағамы кері әсерін тигізіп отыр …

… Тағы бір танысым алдағы сенбіні асыға күтіп жүр. Апарып келетін көлік те дайын көрінеді. Өйтіп-бүйтіп жинаған азын-аулақ теңгесін рубльге айырбастап та қойыпты. Көржер алып келсем дейді …

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp