Жазушы Ғабит Мүсірепов “Жастарға тоғышарлық, бойкүйездік дертінен аулақ, сергек, сезімтал болған жарасады”, – деп олардың бойынан табылуы тиіс асыл қасиеттер жайлы өнегелі ой айтқан екен. Шынымен де, жас ұрпақ заманның көшінен қалмай, алға ұмтылғанда ғана арманына қол жеткізе алады. Оқушы кезден арманшылмын. Сол арманға жету үшін көп еңбектендім. “Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу”, дегендей, алға ұмтылған жастарға қолдау баршылық. Мемлекет өз ісін ашқысы келетіндерге түрлі бағдарламалар ұсынуда. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, бүгінгі күні жас кәсіпкерлердің біріне айналдым.
Оқушы күнімнен қоян өсіруге ықыласым ауды. Қазақ халқында бұрын болмаған кәсіп түрі демесеңіз, пайдасы шаш етектен. Бүгінгі күні елімізде қоян шаруашылығы жақсы дамып келеді. Жылына екі-үш мәрте көжектейді. Оның үстіне қоян тек шөп-шалам жейтіндіктен еті таза болып есептелінеді.
Кәсіпті бастамас бұрын олардың күтімі туралы көп іздендім. Осылайша, қоян өсірудің қыр-сырын меңгердім. Қояндарым көбейген соң Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындағы жергілікті дүкендердің бірінде сата бастадым. Алғашқы табысыма анама және қарындасыма сыйлық алғаным әлі күнге дейін есімде. Одан кейін Шал ақын ауданындағы Семиполка ауылына да бірнеше қоян саудаладым. Қазіргі уақытта иелігімдегі елуден астам қоянды күтіп-баптаумен айналысудамын. Айына орташа есеппен жүзден астамын сатамын.
Кей адамдар қоян өзінен-өзі көбейе береді деп ойлайды. Бірақ олар қателеседі. Қоян тұқымын жақсарту үшін жануарлардың тұратын жерін таза, жарық әрі жылы ұстап, құнарлы жемшөппен асырау керек. Сонымен қатар еркек қояндарды бір жылдан артық ұстамай, алмастырып отырған жөн. Қояндарды әдетте хабарландыру арқылы сатып аламын. Оларды табиғи азықпен асырағанды жөн көремін. Көбінесе шөп, дәнді дақылдар, сәбіз және қарағай бұтақтарын беремін.
Қызылжар аудандық кәсіпкерлер палатасы кәсібімді кеңейту үшін мемлекет қолдауына иек артып, түрлі семинарларға қатысуға ұсыныс білдірді. Былтыр палатаның аудандық филиалының қолдауымен “Бастау Бизнес” мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерліктің қыр-сырын терең меңгеріп, өз ісімді жетілдіруге мүмкіндік алдым. Грант ұтып алу үшін бизнес жоспар құрдым. Алдағы уақытта қояндарымның санын тағы да арттыра түсуді жоспарлап отырмын.
Думан ИСИН,
жеке кәсіпкер.
Қызылжар ауданы.