Адамзаттың ардақтысы, ақырғы пайғамбар Мұхаммедтің (с. а. с.) туған күні – Мәуліт мерекесін атап өту үшін Қызылжардың қалың жұртшылығы облыс орталығындағы Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына жиналды. Мерейлі шара қасиетті Құран Кәрім аяттарымен басталды. Екі дүниенің сардарының өмірге келген күнін мерекелеуді, оған салауат айтып, сансыз сауап жинауға келген бір төбе жамағатты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Байкемелұлы, облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев құттықтады.
– Ислам дінінің уағыздайтыны – имандылық, адамгершілік, адалдық және тазалық. Көздейтін мақсаты – елдің тыныштығы, халықтың бірлігі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баршамыздың ортақ Отанымыз – байтақ Қазақстанның осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерінің, бағындырған биіктерінің басты себебі бірлік деп атап көрсетті. Осынау шапағаты мол шуақты Мәуліт күні баршамызға Алланың нұры жаусын! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Содан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан сөз алған “Нұр-Мүбарак” университетінің бөлім басшысы Рақымжан Әкімбеков пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) өнегелі өмірінен өсиет айтып, оның ислам дінін таратуда көрсеткен көркем мінез-құлқы жайлы баяндады.
Шара барысында есімі елімізге белгілі әнші, сазгер Құрмаш Маханов діни тақырыпта әндер орындады. Облыстық филармонияның әншісі Біржан Есжанов шырқаған “Жігіттерге өсиет” термесі жиналғандардың қошеметіне бөленді. С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері сахналаған пайғамбар өмірінен көрініс жиналғандардың жанарына жас үйіріп, мерекенің мағынасын аша түскендей болды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.