«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАНА ТАПТЫ ТӘЖІКТЕР

Бүгінгі күні біздің елімізде атамекендерін еріксіз тастап келген ұлыстар саны әжептәуір. Солардың бірі – тәжіктер. Ағалы-інілі Хусейн мен Сабыржан Амиршоевтар осыдан жиырма жыл бұрын ата-бабаларының кіндік қаны тамған туған жерінен Қазақстанға пана іздеп келді. Сол жылдары Тәжікстандағы қақтығыстардан қаншама халық үдере көшуге мәжбүр болған еді. Олардың таңдауы қазақ еліне бекерден-бекер түскен жоқ. Енді ғана тәуелсіздік алған жас мемлекеттің оларды кеудеден итермесін жақсы түсінді. Әрі қазақтар сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарында қаншама ұлыстармен бір үзім нанды бөлісе жеп, қонақжайлық танытқанын бұған дейін естіген еді.

Өздері ойлағандай, басқа да отандастары секілді күнкөріс үшін алғашқы жылдары сауда-саттық жасауға тура келді. Бүгінгі күні өткен күндердің қиындығы естелікке айналды, тұрмыстары түзелді, отбасында бес перзент аман-есен өсіп келеді. “Ең бастысы, бізді жатжұрттық деп өгейсіткен жоқ. Қазақстанның байырғы тұрғындарымен құқығымыз, бостандығымыз тең дәрежеде қорғалды. Соның арқасында балаларымыз тегін білім алып жүр, мемлекет тарапынан қамқорлықты ылғи сезінеміз. Әрі елдегі ұлттар арасындағы түсіністік пен ауызбіршілікке, сыйластыққа не жетсін”, – дейді Хусейн Амиршоев.  

Тәжіктер ата дәстүрді құрметтейді. Өз отбасыларында ана тілдерінде сөйлеседі. Ол үшін біздің елде оларды ешкім кінәламайды. Ал балалары облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу мектебі мен басқа да орыстілді білім беру мекемелерінде оқып жүр. Өңірімізде тұрып жатқан тәжіктер елімізде түрлі дін өкілдері арасында орын алған өзара сыйластықты да жоғары бағалайды. Өйткені, олар дәстүрлі дінді ұстанады. Шариғат талаптарын қатаң ұстанатын олардың еліміздегі дінаралық татулыққа қосқан үлесі аз емес.

Перзенттері балиғат жасына жетер-жетпестен намазға жығылып, Құран сүрелерін жаттайды. Сондықтан да қарилардың көбі осы ұлт өкілдерінің арасынан шығады екен. Хусейн Амиршоевтың үлкен ұлы – он бес жасар Мырзаомар өңіріміздегі беткеұстар жас қари. Биыл да, былтыр да Рамазан айында облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде тарауық намазына жығылғандарға Құран хатым түсірді. Осылайша мешіт жамағатының ризашылығына бөленді.

Мырзаомар үш жасында намазға жығылып, бес жасынан бастап Құранды жаттаған. “Бүкіл әлемде ең көп данамен тараған кітап – Құран. Үздіксіз оқылатын және барлық тілге аударылған Құран секілді кітап жоқ. Оны оқу адамның зейінін ашады, әрбір аятына сауап жазылады. Құранды көп оқыған адамның Алла алдында дәрежесі артады”, – дейді Мырзаомар.

Жас қари Құранды ұмытып қалмау үшін жиі-жиі қолына алып, сүрелерді қайталап отырады. Өзі биыл осыменен жетінші мәрте ауыз бекітіпті. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын жасөспірім оныншы сыныпқа көшті.

“Қызылжар” орталық мешітінің қолдауымен жас қари жақында Алматы қаласында өткен Құран оқушылар байқауына қатысып қайтты. Бұл жолы оның үздік бестікке іліккенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, Омардың Сауд Арабиясында 300-ге тарта қаридың жарысынан бірінші орынды жеңіп алғанын көп адам біле бермейді. “Ең бастысы, Қазақстанда бізді дінімізге, түрімізге қарап алаламайды. Құқығымыз толық сақталады. Сондықтан да бүгінгі күні қазақ жері 130-дан астам ұлысты бауырына басып, үлкен қарашаңыраққа айналып отыр”, – дейді ағалы-інілі Амиршоевтар.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp