
«Қызылжар – адалдық алаңы» жобасы аясында ұйымдастырылған «Парасатты отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды. Пандемияға байланысты онлайн форматта өткен шарада ең көп дауыс жинаған тоғыз шаңырақ үздіктер қатарынан көріне білді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мұрындық болған сайыстың мақсаты – отбасылық құндылық пен халқымыздың сарқылмас рухани қазынасы – салт-дәстүрімізді насихаттау.
Байқауға қатысушылар әлеуметтік желілерде парасатты отбасы құндылықтары мен ұстанымы, сыбайлас жемқорлыққа қатысты ой-пікірі туралы бейнероликтерді жариялады. Қазылар алқасы бұл туындыларды саралап, жеңімпаздарды анықтады. Нәтижесінде Құсановтар отбасысының жұлдызы оңынан туып, бас жүлдеге ие болды. Байқауда екінші орын Малғаждаровтар отбасына бұйырды. Ал Ақжар ауданынан келген Нұрмағанбетовтар отбасы үздік үштікті түйіндеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин байқауға қатысушы отбасыларды құттықтады.
– Біз осындай сайыстарды ұйымдастыру арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне басымдық береміз. Себебі, қазақ халқы бала тәрбиесіне орасан зор мән берген. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, заманауи жетістіктерге лайықты тұлғаны, ашық ойлы, қайырымды отбасыны анықтауды көздедік. Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру қажет, – деді Нұрлан Жахин.
Барлық қатысушылар естелік сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды. Ал аудандарда тұратын отбасыларға сыйлықтар кейін жеткізілетін болады.