«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ПАРАСАТТЫ ПОЛИЦЕЙЛЕР” БАР ЕКЕН

Петропавл қалалық Мәдениет үйінде облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен “Парасатты полицей” өңірлік байқауы болып өтті. Ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тәртіп сақшыларының бойында Отанға сүйіспеншілікті арттыруды көздеген байқауға облыстық бөлімшелерден – 10, аудандық ішкі істер бөлімдерінен 13 құрама команда қатысты.

Тартысты өткен сайыс 4 айналымнан тұрды. “Таныстыру” мен “Сегіз қырлы, бір сырлы” атты үй тапсырмасында командалар полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру жөніндегі өз ой-толғамдарын ықшам әрі қызықты сахналық көріністермен бейнеледі. Ал “Жүзден жүйрік” айналымында қатысушылардың білімі бағаланды.

Сайыс қорытындысы бойынша облыстық бөлімшелер арасында бірінші орынға “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлінісі, жедел қимылдайтын арнайы жасақ, айдауыл қызметі, оқу орталығы қызметкерлерінен құрылған “Тұлпар” командасы лайық деп танылды. Екінші орынды – “Спарта” (ақпараттық-талдау орталығы, техникалық қызмет басқармасы, жедел жоспарлау басқармасы) иеленсе, үшінші орынды “Мен қазақпын!” (кадр жұмысы басқармасы, күзет қызметін бақылау бөлімі, кинологиялық қызмет орталығы) командасы еншіледі. Ал аудандар арасында Қызылжар ауданының “Қызылжар сақшылары” командасы үздік деп танылды. Екінші және үшінші орындар Мамлют, Шал ақын аудандарының “Қайсар” және “Алаш ұрпақтары” командаларына бұйырды. Байқау жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ, байқауда “Мен ата-анамды мақтан тұтамын” шығарма байқауының жеңімпаздары да анықталды.

Жеңімпаздар үстіміздегі жылдың қазан айында өтетін байқаудың республикалық кезеңіне қатысатын болады.

Қанат АТАМАНОВ,

Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp