«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАРАҚОРЛАР БІЛІМ САЛАСЫНДА ДА БАР

Өңірімізде жыл сайын білім саласын дамытуға қомақты қаржы бөлінгендіктен, олардың тиімді жұмсалуына бақылау да қатаң болмақ. Себебі, өскелең ұрпақты білім мен тәрбиеге баулитын бұл салада да “бармақ басты, көз қыстылық” фактілері жиі тіркелуде. Жуырда білім бөлімдері басшыларының қатысуымен кеңес өтіп, оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин қатысты.

Кеңес барысында белгілі болғандай, өткен жылы білім саласында 161 сыйбайлас жемқорлық қылмысы тіркелсе, 143-і сотқа жіберіліп, 58 адам жазаланды. Келтірілген шығын көлемі 551 млн. теңгені құраса, оның 301 млн. теңгесі қайтарылыпты.

– Өткен жылы Солтүстік Қазақстан медицина колледжінің директоры мен фармацевтке, мектеп түлегінің бюджеттік негізде оқуға түсуіне көмектесемін деп алаяқтық жолмен 20 мың теңге ақша алған оқытушыға қатысты қылмыстық істер қаралды. Үстіміздегі жылдың ақпан айында сот аталған қылмыстық істер бойынша 3 млн. теңге көлемінде айыппұл салу және мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жөнінде үкім шығарды, – деді Нұрлан Жахин.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барысында білім саласы қызметкерлерінің негізінен сеніп тапсырылған мүлікті иемденетіні, оны оңды-солды шашатыны және пара алғаны үшін сот алдына баратыны анықталған. Сонымен қатар мектеп пен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшыларына қаржылай сыйлық беру арқылы жұмысқа орналасатыны, курсқа қатыспағандарға сертификаттар берілген.

Өткен жылдан бері ашық бюджеттердің интерактивті картасының жұмысы жанданды. Облыстық білім басқармасы аудандағы бөлімдерінің картаны қалай толтырғанына мониторинг жүргізіп, Петропавл қаласы мен Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың мектептері ғана толық және дұрыс ақпарат салғанын анықтаған. Ал қалған аудандар қажетті ақпаратты толық көрсетпей, осы арқылы жемқорлық қаупін тудырып отыр. Бұл олқылықтарды бөлім басшылары бір аптаның ішінде дұрыстауы тиіс.

.

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp