Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысында өңірімізде жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылған шаралар туралы ақпарат тыңдалды.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов өңірімізде тұрғындардың жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру бойынша азаматтық қоғам институттарының және БАҚ-тың атқарып жатқан істерін тілге тиек етті. Басшының айтуынша, аталмыш бағытта облыстың 9 жастар ұйымымен бірлескен іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылған. Бүгінге дейін жастардың қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастырылып, жергілікті БАҚ өкілдерімен тығыз байланыс орнатылған. Жемқорлықтың тамырына балта шабу мақсатында жасалған арнайы бейнероликтер бүгіндері теледидар арқылы да, газет беттерінде де көрініс тауып отыр. Сондай-ақ, департамент ашқан бизнесті қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес форум алаңшасы сайттары да тиімді жұмыс атқаруда.
Осы орайда департамент жанындағы мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері жыл басынан бері сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінде облыста белсенді жұмыс жүргізілгенімен, әлі де пара алып, пара беру фактілері тыйылмай отырғандығына алаңдаушылығын білдірді. Оған соңғы уақытта облысымызда орын алған пара алу фактілері мысалға келтірілді.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнiң облыс бойынша басқармасының бөлiм бастығы Айдар Мұқанов жыл басынан бері облыста 18 мемлекеттік қызметші жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жұмыстан босатылып, тағы 31 адамға қызметіне толық сай емес деген ескерту жасалғанын баяндады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.