Пара алды деп айыпталған Мағжан Жұмабаев аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы жұмыстан шығарылды. Аталған шешім облыстық полиция департаментінде өткен тәртіптік комиссия отырысының қорытындысында қабылданды.
Айыпталушы параны әкімшілік құқық бұзушылық жасаған облыс орталығының тұрғынан алмақ болған. Заң бұзушылыққа көз жұмып, хаттама толтырмау үшін 150 000 теңге көлемінде ақша талап еткен. Парақор ақшаны алып жатқан кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаменті қызметкерлерінің қолына түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалған еді. Тәртіптік комиссияның шешімімен ол заңға қайшы әрекет жасағаны үшін ішкі істер органдарындағы жұмысынан шығарылып, арнайы атағынан айырылды. Салдарынан айыпталушының тікелей басшысы – аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары да қызметінен босатылды.
– Карантин кезеңінде әріптестері міндеттерін адал атқарып жүргенде, жас офицер өзінің бұл әрекетімен қызметке кір келтірді. Көптеген адамдар бірнеше ай бойы жұмыссыз отыр және бұл факті халық арасында полиция туралы теріс пікір қалыптастыруы мүмкін. Дәл осындай қатаң ұстаным кез келген жемқорға қатысты қолданыла бермек. Әр қызметкерді бұйрықпен таныстырып, жағдайды жариялап отыру керек, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев.
Ерлан МАХМЕТОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар қызметінің бас маманы.