Биыл Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінде даулы оқиға орын алды. Петропавл қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың аға инженері тексеріс барысында анықталған бірқатар заңбұзушылықтарға көз жұму үшін оқу орнының басшылығынан пара алмақ болған.
23 жастағы маман колледжде өрт автоматикасы бойынша техникалық құжаттама орнатылған жабдыққа сәйкес келмейтінін аңғарған. Оның үстіне, оқу ғимаратының эвакуациялық жолдарында кедергілер бар екені анықталған. Осыдан кейін аға инженер Ерденов колледж директоры Ахметованың кабинетіне барып, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактілеріне байланысты әкімшілік хаттама толтырылатынын айтқан. Жазадан оңай құтылмақ болған Ахметова маманға пара беру арқылы мәселені шешпек болып, бұл үшін делдал ретінде инженермен жеке таныс фармацевтті арағайындыққа салады.
Жеке пайдасын ойлаған маман бұған қуана келіседі. Осылайша, хаттаманың мерзімін өзгертіп, әрі директордың емес, директордың міндетін атқарушыға қатысты толтыруға уәде беріп, сол қызметі үшін 50 мың теңге талап еткен.
Алайда, жас шенеуніктің арам ойы жүзеге аспай, Исмаилов көшесінің бойындағы «Славянский» дүкенінің маңында пара алып жатқан жерінде қолға түсті.
Петропавл қалалық сотының қаулысы бойынша, Ерденов кінәлі деп танылып, 3 млн. теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Оның үстіне, өмір бойы мемлекеттік қызметке орналаса алмайды. Ал параны берген колледж басшылығына қатысты жаза әлі тағайындалған жоқ.
Сурет https://ru.sputniknews.kz сайтынан алынды.