Өңіріміздегі алғашқы “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі Шал ақын ауданында іске қосылған болатын. Тұрғындардың мемлекеттік қызметті алуын оңтайландырған жобаны жетілдіру мақсатында көпбейінді “Smart Shalakyn” мобильді қосымшасы іске қосылмақ. Осы қосымша арқылы аудан тұрғындарының ақпараттық сауаттылығын арттырып қана қоймай, сервистердің қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Дегенмен, мемлекеттік қызметшілердің арасында сыбайлас жемқорлыққа жол беретіндер аз емес. Мәселен, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары 100 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген Шал ақын аудандық ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қ. Уәйісовке қатысты қылмыстық істі аяқтады. Ол кінәсін толық мойындағанымен, бұл әрекеті мемлекеттік қызметтің атына кір келтірді. Өкінішке қарай, осындай жағдай Тимирязев ауданында да орын алды. Тимирязев ауылдық округінің әкімі С.Байғожин заңға қайшы әрекетінің салдарынан К. деген азаматқа 200 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірді. Қазіргі таңда әкім атқарып отырған қызметінен шеттетілді. “Transparency Kazakhstan” қоғамдық қорының өңірімізде жүргізген сауалнамасына сүйенсек, Тимирязев ауданы тұрғындарының 52,2 пайызы сыбайлас жемқорлық кең таралмаған десе, 47, 5 пайызы туындаған мәселені “бармақ басты, көз қыстылық” арқылы шешуге болатынын айтқан. Алдағы уақытта Тимирязев ауданы әкімдігі ғимаратында “Open-space” үлгісіндегі фронт-кеңсе ашылмақ.