Әлеуметтік желілерде «Пара берме» челленджі бастау алды. Акцияның өткізілуіне Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мұрындық болды. Оған еліміздің барлық өңірлері белсене атсалысуда. Солтүстік Қазақстан облысында акцияны алғашқылардың бірі болып бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қолдады.
“Адамдардың сана-сезімі түбегейлі өзгермейінше, жемқорлыққа қарсы ешбір шара тиісті нәтиже бермейтіні айдан анық. Сондықтан құқықтық тәрбиені және жоғары адамгершілік қасиеттерді нығайту арқылы біз ортақ мақсатымыз – жемқорлықтан ада қоғамды қалыптастыра аламыз» – деді агенттіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Баянғазин Орталық коммуникациялыр қызметі филиалында өткен брифингте.
Челлендж барысында кез-келген адам әлеуметтік желілер арқылы пара бермеу керектігі туралы үндеу жолдайды. Акция “бармақ басты, көз қыстылыққа” қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында қолға алынды.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жағдайына мониторинг жүргізу» әлеуметтік сауалнаманың нәтижесіне сәйкес, «Мәселені бейресми шешудің бастамашысы кім болып табылады?» деген сұраққа теріскейліктердің 57,9 пайызы «адамдардың өздері» деп жауап берген болатын.
Сурет https://osken-onir.kz сайтынан алынды.