Петропавлдағы Жастар сарайында талантты полиция қызметкерлері арасында “Әр жүректе – туған жер!” атты республикалық патриоттық әндер арт-фестивалі өтті.
Еліміздің 14 облысынан бақ сынасуға келген байқау қатысушыларын атаулы шарамен облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев құтықтады. Ол полиция қызметкерлерінің еліміздегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде қызметтік міндеттерін абыройлы атқарумен қатар шығармашылықпен айналысуға ден қойып отырғандарына зор ризашылығын білдірді. Облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев та үміткерлерге жылы лебізін арнады. “Бұл шара “Жастар жылы” аясында ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, фестиваль ішкі істер органдары қызметкерлерінің беделін арттыруға, жеке құрам арасында жоғары адамгершілік-эстетикалық және патриоттық сана қалыптастыруға бағытталып отыр”, деді ол.
Байқау барысында қазылар алқасының құрамындағы “Астана Опера” мемлекеттік опера және балет театрының дирижері Абзал Мұхитдинов пен композитор Солдатхан Ысқаққа, ҚР ІІМ кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбековке үздіктерді анықтау оңайға соқпады. Себебі, әр үміткер – бірінен-бірі мықты, бұған дейін талай байқауларда топ жарып, үздіктер қатарынан көріне білген тәжірибелі орындаушылар. Десек те, байқаудың аты – байқау. Оның қорытындысы бойынша “Дуэт” аталымында бірінші орын Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің өнерпаздарына бұйырды. Екінші және үшінші орынды Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарының ұжымы иеленді. “Трио” аталымында ақтөбеліктер топ жарса, “Квартет” аталымы бойынша Қостанай облысының полицейлері үзік деп танылды.