Егемендікке қол жеткізген алғашқы кездің өзінде-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!” – деп, еліміздің кемел келешегін анықтап берген еді. Бүгінде мемлекеттік тілді үйренуге, әсіресе, балаларының сол тілді жетік меңгеріп, ортақ Отаны – Қазақстанның гүлденуіне атсалысатын белсенді азамат болып шығуына ынталы өзге этнос өкілдерінің саны еліміздің түкпір-түкпірінде күн санап көбеюде. Солардың бірі – павлодарлық Максим Споткай. Ол былтыр Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясына қатысып, жүрекжарды лебізін қазақ тілінде жеткізген. Сол кең ауқымды шарада Ресейдің Омбы қаласында жарық көретін “Замандас” газетінің редакторы екенін, оған қоса Омбыдағы қазақ жастарының, Қазақстаннан оқуға барған студенттердің басын қосып, “Мәке мен Жәке” атты той студиясын құрғандығын айтып, ыстық ықыласқа бөленген. Онымен әлеуметтік желі арқылы тілдесіп, өзі тізгінін ұстап отырған басылымның жағдайы, болашақ жоспары жайында сұраған едік.
– “Замандас” газеті – Ресейдегі бірден-бір қазақтілді басылым. Омбыдағы қазақ жастарының дені ана тілін түсінбейді. Оның себебін қазақтілді мектептердің жоқтығымен байланыстыруға болады. Осы олқылықтың орнын толтырып, қазақтың бай тілін, мәуелі мәдениетін дамытып, өрендердің бойына берік сіңіру үшін қазақтілді басылымның болғанын жөн көрдік. Газетіміз бүгінде 1500 дана таралыммен басылады. Орынбор, Астрахань, Түмен, Мәскеудегі қазақтармен байланыс жасап тұрамыз. Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясымен бірлесіп, алдағы уақытта бірнеше жоба бойынша жұмыс атқаруды жоспарлап отырмыз. Омбы облысының басшылығына “Алаш” қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығын атап өту туралы ұсыныс жасадық. Омбыда қоғам қайраткерінің ізі қалған бірнеше ғимарат бар. Соларға ескерткіш белгі орнатуды ұсындық. Сәтін салса, алдағы уақытта жүзеге асырылмақ.
Одан өзге біз, Қазақстаннан барған студенттер, Омбыдағы талантты қазақ жастарымен бірлесіп, “Мәке мен Жәке” атты той студиясын құрып, қазақ халқының ұлттық келбетін танытатын әдет-ғұрыптарын, әсіресе, үйленуге байланысты салт-дәстүрлерін заманға бейімдеп қайта жаңғыртудамыз, – деді Максим.
(Өз тілшіміз).