Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керектігін айтты.
«Ол заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы керек. Жүктемені қысқартып, қызметтен тыс тексерістерден арылту керек. Мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін — мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін — мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса — мұғалімдер… Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуі керек. Тынымсыз тексерістер де бітпейді. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Елбасы балабақшадағы сапа мен тәрбиешілер еңбекақысын көтеру керектігін айтты.
«Бүгінде ғылым саласы баланың ойлау қабілеті мен ақылы алты жасқа дейін қалыптасатынын айтуда. Осы мәселеге тиісті деңгейде мән беріліп отырған жоқ. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдіснамасын, тәрбиешілер мен балабақшадағы өзге де қызметкерлердің еңбекақы жүйесін қайта қарап шығу керек», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.