«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕДАГОГТАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛАДЫ

Былтыр елімізде заңсыз жұмыстан шығарылған білім саласының қырық төрт маманы қызметке қайта алынса, солардың алтауы бұл мәселені сот арқылы шешіпті. Бұл жайлы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде өткен семинар барысында өңірімізге жұмыс сапарымен келген білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева мәлімдеді.


Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы жұмысының басты бағыты – педагогтардың құқықтарын қорғау. Өткен жылы ұйым елімізде 113 ұстазды заңсыз түрде жұмыстан қуылудан қорғап қалды. Сондай-ақ, мамандардың табысын жымқырып, іссаппарға бөлінген ақшаларын дұрыс төлемеу фактілері анықталған. Нәтижесінде 300 миллион теңгеге жуық ақша қазынаға қайтарылды. Сонымен қатар ұйым мамандары мұғалімдерге түрлі мәселелер бойынша 20 мыңнан аса ақыл-кеңес беріп, екі мыңдай хатқа жауап жолдаған. Айгүл Мұқашеваның айтуынша, ұстаздарды толғандырған мәселелердің 80 пайызы жалақыға байланысты болады екен.
Білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – мектептер мен колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту. Бұл жұмыспен “Кәсіпқор” коммерциялық емес акционерлік қоғамы айналысады. Білім және ғылым министрлігімен тығыз қарым-қатынас орнатқан ұйым бүгінде “Жас маман” жобасын жүзеге асыруда. Жоба, негізінен, педагогтардың білімі мен біліктілігін арттыруға бағытталған. Оның аясында мұғалімдер еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытылады. 2016 жылдан бері мұнда 13 мыңнан астам ұстаз біліктілігін арттырды. Сондай-ақ, ұстаздарға инклюзивті білімді дамыту, критерийлік бағалау, арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқыту сияқты өзекті мәселелер бойынша курстар да қарастырылған.
– Жоба аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын материалдық жабдықтауды қолға алдық. Яғни, бұл тізімге ел бойынша орташа есеппен 180 колледж бен 20 жоғары оқу орны кіреді. Алдағы уақытта бұл оқу орындарының базасында “WorldSkills” әлем чемпионаттарына қатысатын мамандар даярланатын болады, – деді “Кәсіпқор” коммерциялық емес акционерлік қоғамының кәсіптік білім беру орталығының басшысы.
Облысқа жұмыс сапарымен келген меймандар №8 эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінде болып, техникалық кәсіптік білім беру жүйесіндегі, мектепке дейінгі және орта білім берудегі өзекті мәселелер, педагогтарды аттестаттау, тағы басқа тақырыптар бойынша пікір алмасты.

 

Ақтолқын СОЛТАНХАНҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp