«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗ

Тәуелсіздік! Бұл сөзді естігенде тебіренбейтін жан жоқ шығар. Әр адамды қанаттандырып, жүрегін жылылық сезіміне бөлейтін осынау асыл сөздің құпиясы тереңде жатыр. Оның мән-мағынасын түсіну үшін тарих беттерін ақтарып, жылдар тұңғиығының тереңіне көз салу керек. Сонда ғана қасиетті тәуелсіздігіміздің бізге қаншалықты құнды екендігін сезінуге болатын шығар. Бабалардың арманы аналардың тілегімен үйлескен. Тәуелсіздік – ең басты байлығымыз. Адами болмысымыздың, өміріміздің қайнар бұлағы болып табылады.

Бүгінгі таңда егеменді ел болып, еңсемізді көтеріп отырған жайымыз бар. Мұның өзі – үлкен бақыт. Жаңа еккен тал шыбықтай жас қызғалдақтар өсіп, өркен жайып келеді. Олар – тәуелсіз Қазақстанның құрдастары. Егемендік алған жылы дүние есігін ашқан ұл-қыздар арасында Ажар Темірболатова да бар. Ол Жамбыл ауданына қарасты Қарақамыс ауылында туған. Ажар сәби шағында тәуелсіздік деген сөздің маңыздылығын сезбесе де, ес біліп, есейген шақта өзінің тәуелсіздіктің құрдасы екенін, тарихи маңызы бар жылы өмірге келген ақжолтай, ақ тілеулі қаракөздердің бірі екенін санасына түйіп өскен. Әр жыл сайын Тәуелсіздік мерекесінде оқушыларды ұстаздары құттықтап, ортаға шығарып, кітап, қалам беретіні – балалық шақтан қалған жақсы естеліктердің бірі. Сол сәттерде кеудесіне сыймай бұлқынған бала жүрегі ерекше сезімге бөленетінін Ажар бүгінде ерекше жылылықпен еске алады.  

– Маған тағдыр мемлекетіміздің тәуелсіздік алған жылда жарық дүние есігін ашуды нәсіп қылған екен. Мен мұны мақтан етемін. Жұбан атамыз айтқандай, “мың өліп, мың тірілген” қазақтың қалың тарихына үңілсең, талай рет тағдыры қыл ұшында тұрғанын байқайсың. Тағдырдың сын тезінен аман қалғанымызға қуанасың. Ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын даламызға, мыңғырған малына қызығып, ұлын құл, қызын күң еткісі келгендер көп болған. Бірақ әділдік орнап, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Міне, нағыз байлығымыз осы. Ендігі үлкен істер біздің еншімізге тиетіндігін білемін. Соған өзіндік үлес қосу – басты мақсатым, – дейді ағынан жарылған Ажар.

Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған болар. Тағдырдың сыйын бақыт құсындай мәпелейтін Ажар қазір әр қадамына есеп беріп, айналасына ойлана-толғана қарайды. Буырқанған күш-қуатын қолынан келгенше еліміздің өркендеуіне жұмсауды көздейді. Елімен бірге өсіп келе жатқан Ажар Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тамамдаған. Мамандығы – психолог. Бала жүрегіне ақылымен жол таба білген ол бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы “Батыр” бөбекжай-балабақшасында еңбек етеді. Еліміздің ертеңі болар ұл-қыздарды тәрбиелеуде сүбелі үлес қосып жүрген Ажардың алдына қойған мақсаты – балаларды жақсылыққа жетелеп, елін, жерін сүйіп, патриоттық сезімге бөленіп өсуіне мүмкіндік жасау. Өскелең ұрпақты тәуелсіздігіміздің құндылығын бағалай білуге үйрету. Бұл – оның перзенттік парызы.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Ажар Темірболатова балабақша тәрбиеленушілерімен жұмыс жүргізуде.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp