Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте “Бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына психологиялық көмек” тақырыбында конференция өтті.
Шараға жиналған Петропавл қаласындағы №20 және қалалық классикалық гимназияның мұғалімдері мен бірінші сынып оқушыларының ата-аналарын аталмыш мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Темірханова еліміздің барлық орта мектептерінде “Нұр Отан” партиясы, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі және отбасылық тәрбие институттары ұйымдастырып отырған республикалық ауқымдағы бірегей шараның мақсатымен таныстырды.
“Білім” бастауыш партия ұйымының төрайымы Шәрбан Таймуллина хабарлама жасады. Бала өмірі мен дамуының ортасы ата-аналарының білімділік деңгейімен, қоғам өміріне қатысуымен, жұмыспен, баспанамен қамтылуымен байланыста болады. Тәрбиенің тиімді болуы үшін баланың қажеттілігін толық қанағаттандыру, дене және ой-еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеу, саламатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жамандықтан жиренуге үйрету қажет. Бұл – ата-ананың міндеті, деді ол.
Конференция қатысушыларына жолданған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Нұртілеуұлының сәлем хатын білім басқармасының бас маманы Досбол Әбдірайысов оқып берді.
Шара барысында классикалық гимназияның психологі Айнагүл Бәйтенова бірінші сынып оқушыларына арналған сауалнама жүргізіп, оларды мектепте оқытуға бейімдеу жөнінде кеңес берді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.