2020 жылы Петропавл қаласында арнайы технология бойынша қаймақ шығаратын және майлы дақылдарды қайта өңдейтін екі зауыт пайдалануға беріледі. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қабылдауында болған “Масло-Дел” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы тың жобаларын таныстырды.
Серіктестік директоры Павел Селиванов өндіріс нысандарының артықшылықтарына тоқталды.
— Облыс орталығында 2000 жылы пайдалануға берілген сүт зауытында негізінен қойылтылған сүт, майонез, кетчуп, өсімдік майы сияқты өнімдер шығарылады. Алдағы уақытта олардың қатарын қаймақ толықтырады. Жаңа өнімнің сұранысқа ие болатынына сенімдіміз. Себебі, швециялық “Тетра Пак” фирмасы қондырғыларының көмегімен қаймақтың сапасын жақсартып, оны сақтау мерзімін төрт айға дейін ұзарту мүмкіндігіне ие боламыз. Екінші жобамыз — тәулігіне 1200 тонна өнім шығаратын май өңдеу зауыты. Жобалар жүзеге асырылған кезде 150-ден астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады, — дейді Павел Геннадьевич.
Сүт зауытындағы жаңғырту жұмыстарын жүргізуге 3,2 млрд. теңге жұмсалатын болса, май өндіру зауытының құрылысына 8,7 млрд. теңге бағытталмақ. Қаржы темір жол тұйығын салуға, тозығы жеткен жол мен ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, заманауи құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалатын болады.