«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕТРОПАВЛДА ПӘТЕР НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Баспана мәселесі қашан да өзектілігін жойған емес. Өткен ғасырда ақын-жазушыларымыз “Жетім бұрышты” жағалап, Қа­сым Аманжолов: “Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, сонда да тастамаймын аста­намды” деп жырлауға мәжбүр болса, бүгінгі күні ауыл құлдырап, қалаға ағылғандар легі азаяр емес. Бірақ олардың бәріне баспана қайдан табылсын. Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқыны алда, бірақ баға да жеткізер емес. 

Ресми дерекке сүйенсек, бүгінгі күні Пет­ропавл қаласында 14 293 адам пәтер кезегінде тұр. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Эльмира Смағұлованың айтуынша, пәтерге мұқтаж жандардың саны жыл санап ұлғаймаса, азаяр емес. Мәселен, 2017 жылдың желтоқсанында кезектегілер 13369 болыпты. Екі жыл ішінде баспанаға мұқтаж жандардың саны бір мың адамға ұлғайған. Бұл – коммуналдық пәтерге мұқ­таж жетім-жесір, ауру-сырқау, мүгедек, ар­да­гер, толық емес немесе көпбалалы отба­сылар. Бұл тізімге енбеген, яғни пәтер жал­дап жүрген толыққанды отбасылар, аяқ-қолы сау адамдар қаншама?!

Екі баласымен жатақхананың бір бөлме­сінде тұрып жатқан Әлия Жүсіпова Петро­павлда баспана бағасы тым қымбат екенін айтады. Жыл сайын Америкада тұратын сіңлісіне барып, сонда жұмыс істеп қайта­тын ол мұхиттың арғы жағында үй сатып алу әлдеқайда оңай дейді. “Әлемдік стандарт­тар бойынша әр адам 3-4 жылда пәтер сатып алуға қауқарлы болуы тиіс. Амери­калықтар 50-60 шаршы метрлік пәтерді 2-3 жыл ақша жинап сатып ала алады. Ал бізде тапқан-таянғаныңды тірнектеп 10-15 жыл бойы жинау керек. Тұрғын үйдің қолже­тімділігін анықтау үшін тұрғындардың орта­ша табысы мен шаршы метрдің бағасының арақатынасы есепке алынуы тиіс. Бізде бір шаршы метрдің құны орташа еңбекақыдан әлдеқайда көп”, – дейді ол. 
Әлияның сөзінен кейін Петропавлдағы са­ты­лып жатқан пәтерлердің бағасын бір шо­лып шығуды ұйғапдық. Баспана іздеген әр адам бас сұқпай қоймайтын “krisha.kz” пор­талын ашып қарасақ, Петропавлдағы бір шаршы метрдің бағасы соңғы тоқсанның ішінде 4,3 пайызға қымбаттап, 219 600 тең­геге жетті деп көрсетілген. Көршілес Қоста­най мен Көкшетауда 200 000 теңге шама­сында. Жалпы, басқа облыс орталықтарын­дағы баспана бағасы 136 мың теңгеден басталады екен. Осы сайттағы мәліметтер­ге сенсек, биыл басқа қалаларға қарағанда Петропавл, Өскемен, Талдықорған және Шымкентте пәтер едәуір қымбаттаған.
Солтүстік Қазақстан облысы орталығын­дағы үйлердің құны бүгінде елордадағыға жете-ғабыл. Мұның себебін пәтер саудасы­ның жілігін шағып, майын ішкен риэлтор­лардан сұрап көрдік. Оксана Давыдова есім­ді делдал соңғы бір айдың ішінде өзі ұсы­нып отырған пәтерлердің бағасы 1 миллион теңгеге қымбаттағанын айтып, себебін тү­сін­діруге келгенде күмілжіп қалды. “Жаз-күз мезгілінде сұраныс ұсыныстан әлдеқайда көп болады. Сондықтан шығар”, – деп қысқа қайырды ол.  Ал “ОВИ” жылжымайтын мүлік агенттігінің сату бойынша агенті Марат Нұр­жанов мұны Ресейге қоныс аударып жат­қан­дармен байланыстырды. “Біздің қалада­ғы бағалар қазір Нұр-Сұлтандағымен те­ңесті деуге болады. Себебі, Петропавл шек­арада орналасқан. Көшіп кетіп жатқандар рубльдің бағамын ескереді. Ол қазір құбылып тұр, – деді ол.
“Версаль” жылжымайтын мүлік агенттігі­нің директоры Оксана Кириллова пәтер бағасының шарықтауын банктер беретін жеңілдетілген ипотекалық несиелермен бай­ланыстырды. “2018 жылдың желтоқсаны­нан бастап “Сбербанк” АҚ “Баспана хит” бағ­дарламасын жүзеге асыра бастады. Оның шарты бойынша қолыңызда сатып алатын пә­теріңіздің бағасының 20 пайызы болса, әрі табысыңызды дәлелдесеңіз, 10,75 па­йыз­дық өсімақымен баспанаға қол жеткізе аласыз. Басқа банктер де “Ақ орда”, “Жас отбасы” сияқты бағдарламаларды іске қос­ты. Бұл арқылы халық нарықтан үй сатып ала алады. Сол сияқты жаңа салынып жат­қан үйлерден пәтер алуға арналған “7-20-25” бағдарламасының да игілігін атап өткен жөн”, – дейді ол. Осындай шаралардың ар­қа­сында жылдар бойы пәтер жалдап келген отбасылар өз баспанасына қол жеткізу мүм­кіндігіне ие болды. Сол себепті тұрғын үй бағасы шарықтап кетті.
Петропавлда баспана бағасының қым­бат­туы жуырда облыстық әкімдікте де сөз болды. Өңір басшысы мұны құрылыс ма­те­риалдарының тапшылығымен байланыс­тыр­­ды. Құрылыс материалдарының 90 пайызы сырттан әкелінеді екен. Мәселен, солтүстікқазақстандық фирмалар құмды Көк­ше­таудан тасиды. Өйткені онда бес есе ар­зан. Қиыршық тас пен кірпіш те Ақмола об­лы­сынан тасымалданады. Айта кету керек, тасымал шығыны да қалтаны қағады. Соңғы кезде кейбір компаниялар құрылыс мате­риалдарын делдалдар арқылы алып жүр. Осының бәрі сайып келгенде баспананың бір шаршы метрінің құнына әсер етпей қой­майды.
Баспана салу мен сату сапасындағы бі­лікті маман, “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” облыстық филиалы директорының орынбасары Райхан Әбдірахманова пәтер сатып алушыларға асықпауға кеңес береді. “Өйткені, жаңадан салынатын үй көп, тұрғын үй қоры жаңаруда, таңдау барі”,  – деді ол.
Нарық заңына сәйкес, жаңа өнім пайда болса, ескісі арзандауы тиіс. Қазір Петро­павлда жаңадан салынып жатқан үйлер көп. Дегенмен, ескі үйлердің бағасы арзандамай тұрғаны таңғалдырады. Мәселен, былтырғы жылы еліміз бойынша 12,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Петропавлда жал­пы аумағы 21,1 мың шаршы метрді құрай­тын 3 көпқабатты үй, немесе 282 пәтер пай­далануға берілді. Бұған қоса “Солнечный” кентінде 83 жер үй салынды.  Биыл 37,7 мың шаршы метрлік 3 үй тұрғындардың игілігіне тапсырылды. Бұл – қала әкімі баспасөз қызметінің мәліметтері. Әлі салынып жатқан үйлер қаншама?!
 

 

Роза ШӘКЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp